Жамбыл облысындағы бірыңғай қабылдау 800-ге жуық тұрғынды қамтыды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында бірыңғай қабылдау күніне орай өңір, қала, аудан және ауылдық округ әкімдері тұрғындардың сауал-тілектеріне құлақ түрді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына көшудегі міндеттерді жүзеге асыру аясында жалпы республикалық «азаматтарды қабылдаудың бірыңғай күні» Жамбыл өңірінде қызу өтуде. Іс-шара аясында бүгін облыс, қала, аудан әкімдері азаматтарды қабылдауды таңғы 10:00-ден бастап кетті.

Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің қабылдауына алдын ала 64 адам жазылған десек, оның 55-і қабылдауға қатысты. Олардың дені әлеуметтік, қоғамдық мәселелерді көтерді.

Аймақ басшысына арыз-шағымын айтқандардың бірі зейнеткер, Тараз қаласының тұрғыны Сейсекүл Төленова. Ол өзінің жалғызбасты екендігін, өзімен бірге жесір қызы мен немересі тұратынын алға тартып, шағын жатақхана болса деген ниетін білдірді. Жатақханада тұрып жағдайын тіктеуге тырысатынын айтқан ол пәтер жалдаумен әзер жан бағып жүргендігін жеткізді.

Асқар Мырзахметов кейуананың өтінішіне мұқият мән беріп, тұрмыс жағдайына жан-жақты назар аудара келе, қазіргі таңда облыс бойынша 12 жатақхананың бой көтеріп жатқанын тілге тиек етті. Алайда ол жатақханалар алдымен көпбалалы, содан кейін аз қамтылған отбасыларға тұрғын үй кезегі келгенге дейін паналауға берілетінін айтып, тиісті тұлғаларға Сейсекүл Төленованың аталған санаттың екіншісіне ену мүмкіндігін зерделеуді тапсырды.

«Бүгін өзім сияқты қарапайым тұрғындарға үлкен мүмкіндік туып отыр. Мен облыс басшысына тікелей жолығып, өзімнің өтінішімді жеткіздім. Уақытша тұратын жатақхана болса деген тілегім ескеріліп, мүмкіншілігім қаралатын болды»,-деді С.Төленова.

Өңір басшысына қайырылғандардың дені тұрғын үй, инфрақұрылым, қала көркі мен кәсіпкерлікті қолдауға қатысты сауалдарын жолдады. Асқар Исабекұлы көтерілген мәселелерге заң аясында толыққанды жауап беріп, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.

Соңғы жаңалықтар