Жамбыл облысындағы Билікөлді қалай құтқаруға болады

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысындағы Билікөл Қазақстанның ондаған ірі көлдеріне кіреді. Бірақ, бұрынырақта балығы тулап жатқан көл қазіргі таңда қорғауға мұқтаж, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жуалы ауданында орналасқан Билікөл өткен ғасырда түрлі балықтарға толы болған. Оның жағалауында балықшылар кенті орын тепсе, одан ауланған балықтар Қазақстанның көптеген қалаларына жіберілген.

Өткен ғасырдың 80-жылдары Жамбыл облысындағы химиялық кәсіпорындардан аққан қалдық сулар осы көлге құйып, соның салдарынан көлде зиянды заттар қоспасының деңгейі көтерілген. Бұрынғы уақытта көлде 30 түрлі балық мекендесе, бүгінде тек бесеу ғана.

«Жамбыл облыстық химиялық өнеркәсіп кәсіпорындары Билікөлдегі экологиялық апаттың басты себепшісі. Бірақ, олардың бір де бірі көлді сақтап қалу үшін ештеңе жасаған жоқ», - дейді жамбылдық журналист-эколог Елена Ефимова.

Жамбыл облыстық экология департаментінің бөлім басшысы Юрий Пасечныйдың пікірінше, жағалаудағы батпақты жерлермен күресу үшін дөңмаңдай балығын жіберуге болады. Себебі, дөңмаңдай балдырлармен қоректенеді және ол су айдынының тамаша мелиораторы бола алады.

«Зертханалық деректер бойынша, Билікөлдегі ластану индексінің коэффициенті 2015 жылы 2,83 болған. Ал, 2016 жылы 2,49, 2017 жылы 2,44-ті құраған. Биыл он айдағы көрсеткіш бойынша 2,11 болып отыр. Осылайша, қазір су айдынында өздігінен тазалану процесі жүріп жатыр. Бірақ, ол өте баяу. Бұл процесті жылдамдату үшін ғалымдар бактериялық өсімдіктерді қосу арқылы биологиялық тазарту әдісін ұсынды», - деп атап өтті «Қазгидромет» РМК Жамбыл облыстық бөлімшесінің директоры Әнуар Әлімжанов. 

Соңғы жаңалықтар