Жамбыл облысында жыл басынан бері 6 дала өрті тіркелді

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысы әкімдігінде өткен кеңесте орман қорында және елді мекендер айналасына ағаш отырғызу, сондай-ақ дала өртінің алдын алу бойынша қауіпсіздік шаралардың барысы қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстағы мемлекеттік орман қорының жалпы көлемі 4,4 миллион гектар алқапты алып отырса, оның орман ағаштары көмкерген жерлері 2,3 миллион гектар. Орман қоры жерлері облыс жер аумағының 30,8, ал орманды жерлері 15,47 пайызын алып жатыр.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Аслан Оразбеков баяндама жасады.

Оның айтуынша, жыл сайын мемлекеттік орман қоры аумағындағы 5 300 гектарға орман ағаштары көшеттен және тұқымынан егілуде.

«Біздің тараптан жүргізілген тексеру барысында аудандарда елді мекендер маңайына отырғызылған көшеттердің әлі күнге қоршалмағаны, кейбірінің суарылмайтыны белгілі болды»,- дейді басқарма басшысы.

Сонымен қатар басқарма басшысы облыс аумағында өрттердің алдын алу және жою жөніндегі атқарылған жұмыс барысына да тоқталып өтті.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Ермек Момбаевтың айтуынша, үстіміздегі жылы дала алқаптарында 6 табиғи өрт тіркеліп, 14 гектарды жалын шарпыған. Өрттің алдын алу мақсатында 11 мың гектар орман екпелерінің айналасы жыртылған. Дегенмен, бұл жұмыс облыста 46 пайызға орындалған.

«Жылда ағаш көшеттері отырғызылады, бірақ оның қанша пайызы көктеп, қаншасының қурап кеткенін есептеп жатқан ешкім жоқ. Осыны зерделеп шығуды тиісті мекемеге тапсырған болатынмын. Тал отырғызған екенбіз, ендеше оны сумен қамтуды да естен шығармауға тиіспіз», - деді Бердібек Сапарбаев.

Облыс әкімі орман қоры жерлерін егістікке, шабындыққа және мал жайылымына пайдалану жағын да қарастыру туралы тапсырма берді. Содан кейін елді мекендердің айналасына егілген тал-дарақтарға су жеткізілмесе қурап кететінін қала және аудан әкімдерінің назарына сала отырып, оларды күтімге алуды тапсырды.


Соңғы жаңалықтар