Жамбыл облысында жыл басынан бері 25 браконьер ұсталған

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында өткен жылы заңсыз аң аулауға қатысты 60 дерек тіркелсе, ағымдағы жылдың 8 айында 25 браконьер ұсталған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қорықшылар соңғы жылдары браконерлердің азайғанын айтады. Дегенмен, әлі де болса оңай олжаға кенелгісі келетіндер жеткілікті. Мәселен, өткен жылы заңсыз аң аулауға қатысты 60 дерек тіркелсе, соңғы 8 айда 25 браконьер анықталған. Бұл орайда орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекция қызметкерлері қаскөйлермен күрес жүргізудегі бірқатар түйінді мәселелердің барлығын айтады.

«Атады да, көліктерімен қашып кетеді. Артынан қуып тоқтатуға біздің құқымыз жоқ. Сес көрсетеді. Мылтықпен қорқытатын жағдайлар орын алады. Өйткені біздің құқықтарымыз нақты қаралмаған. Мемлекеттік қаруды пайдалану жөнінде аңшылық алқапта болсын, басқа жерде болсын, браконьерлерді кез келген уақытта тоқтату мәселесі құқық қорғау органдары секілді сәйкестендірілсе жұмысымыз жемісті болар еді»,- дейді облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Нұрғали Ниязқұлов.

Жалпы Жамбыл облысында аң-құстың 17 түрін аулауға рұқсат бар. Олардың жойылып кетпеуі үшін аймақта кешенді шаралар жоспары бекітілді. Енді қорықшылар браконьерлерге қатысты заңның қатаңдатылуын күтіп отыр.
Айта кетейік, еліміз бойынша ашылған аң аулаудың жаңа маусымынан бастап Жамбыл облысындағы аң шаруашылықтары қоршаған ортаны қорғауда өзгеше тәсілге көшіп отыр.

«Мұндағы мақсат – соңғы кезде жойылып бара жатқан құстарды, аңдарды көбейту. Екіншіден, демалатын адамдарға жағдай жасау. Аң-құстың көп болғанын қамтамасыз етумен айналысамыз. Бұл браконьерлікпен күрес жүргізудің бір жолы. Қазір арнайы тәлімбақ құрылып, мұнда ителгі өсіру жұмыстары басталды. Қанаты қатқан құстардың 30 пайызы еркіндікке жіберіліп отырады. Алдағы уақытта шаруашылық өзге де аң-құс түрлерін өсіруді қолға алмақшы. Ал, жетілгеннен кейін аңшыларға рұқсат тек жолдамамен беріледі», - дейді «Жайлаукөл» аң шаруашылығының директоры Еркін Оспанов.

«Жайлаукөл» - Жамбыл облысындағы аумағы жағынан ең үлкен шаруашылық. 210 мың гектардан астам жерді алып жатыр. Аң аулау маусымы басталғалы шаруашылықтағы 22 маман қоршаған ортаны қорғауға бар күштерін салуда. Шаруашылық басшысы айтқандай, мұнда аң-құсты қорғап ғана қоймай, көбейту мәселесі де мықтап қолға алынған.

Соңғы жаңалықтар