Жамбыл облысында жұртшылықты аз пайызбен несие әперемін деп алдаған алаяқ ұсталды

None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Меркі ауданының полиция бөліміне алаяқтықтың құрбаны болған 30 жастағы жергілікті тұрғын шағымданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарламасына сілтеме жасап.

Жәбірленушінің айтуынша, бейтаныс әйел оны жылдық ставкасы 2,5 пайызбен 886 мың теңге көлемінде несие алуға көмектесетініне сендірген. Жәбірленушіні несиенің төмен пайыздық мөлшерлемесі қызықтырған. Күдікті әйел оның сенімін пайдаланып, телефон арқылы несие рәсімдеуге және өз шотына 886 000 теңге көлеміндегі ақшаны аударуға көндірген.

Жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері Алматы облысының 22 жастағы тұрғынын ұстады, сондай-ақ оның осыған ұқсас қылмысқа қатысы бар екендігі анықтады.

Биыл 20 қаңтарда күдікті осындай тәсілмен Меркі ауданының 58 жастағы тұрғынының сеніміне кіріп, одан 1 000 000 теңгені алдап алған.

«Аталған дерекке қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігі 4-тармағы, алаяқтық бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Күдікті өз кінәсін толық мойындады, қазіргі уақытта уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды» делінген хабарламада.

Бұған дейін Жамбыл облысында 80 жастағы қария 5 жасар қызға алма беріп, ұялы телефонын алып кеткенін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар