Жамбыл облысында жолда қайтыс болғандар саны өсіп, полиция ерекше тәсіл қолдануға көшті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Статистика бойынша Жамбыл облысының жолдарында қаза тапқандардың саны былтырғы жылмен салыстырғанда өскен, деп хабарлайды ҚазАқпарат Жамбыл облыстық Полиция департаментінің мәліметтеріне сілтеме жасап.

Департаменттің Facebook желісі арқылы таратқан деректеріне қарағанда, қайғылы жағдайлардың басым көпшілігі республикалық тас жолдарда, соның ішінде халықаралық «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автомагистралінде болады.

«Тақтайдай тегіс жолдың көлік үшін өте ыңғайлы екені белгілі. Алайда әдемі жолмен жүйткіген жүргізушілер қауіпсіздік мәселесін естен шығарып алады. Ал оның арты қайғылы жағдайларға душар етеді. Сондай-ақ тегіс жол жүргізушіні маужыратып, жолда қалғып кету ықтималдылығын арттырады. Оның да соңы немен аяқталатыны белгілі»,-деп жазады желіде департаменттің баспасөз қызметі.

Осы орайда Жамбыл облыстық Полиция департаментінің басшысы, полиция полковнигі Арман Оразалиевтің бастамасымен республикада алғаш рет «Шоковая терапия» атты акция ұйымдастырылуда. 20 тамыздан бастап «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» тас жолында апатқа ұшыраған көлікті тиеген қызметтік эвакуатор жүр. Оны көрген жүргізушілер кез келген жүргізушінің дәл осындай жағдайға тап болуы мүмкін екендігін ойлап, жылдамдықты азайтады деген үміт бар.

«Эвакуатор алғашқы күні бетон төселген жолмен Шымкентке қарай жүрді. Келесі күні Т.Рысқұлов ауданына қарай жол тартты. Халықаралық «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» магистралінің жүргізушілеріне арналған акция әлі де жалғасуда»,-деп хабарлайды департамент өкілдері.

Соңғы жаңалықтар