Жамбыл облысында жол бойынан ер адамның мәйіті табылды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысы аумағында 3 қыркүйек күні таңертең Алматы-Шымкент тасжолының жиегінен 29 жастағы ер адамның мәйіті табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Марқұмның алған жарақаты, оқиға болған жерден табылған көлік бамперінің шыны және пластмасса сынықтары жол-көлік оқиғасы болғанын көрсетеді. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Аталған фактіге қатысты ҚР ҚК 345-бабы 3-бөлігі және 347-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Жедел-іздестіру шаралары барысында Жуалы ауданының полиция қызметкерлері және облыстық ПД ЖПҚБ «Газель» автокөлігін басқарған 30 жастағы түркістандықты қолға түсірді» делінген ведомство хабарламасында.

Күдікті қылмыс фактілерін жасыру үшін Шымкент қаласының техникалық қызмет көрсету станциясында көлігінің фарасы мен бамперін ауыстырып үлгерген. Ол өз кінәсін мойындады.

Қазіргі таңда тергеуге дейінгі тексеріс жүргізіліп, бірқатар сараптамалар тағайындалды.


Соңғы жаңалықтар