Жамбыл облысында жедел жәрдемді шақыру екі есеге жуық азайған
2020 жылғы 13 қыркүйек 07:28

Жамбыл облысында жедел жәрдемді шақыру екі есеге жуық азайған

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында жедел жәрдемді шақыртулар саны екі есеге дейін азайған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жамбыл облыстық жедел медициналық жәрдем стансасында тәулігіне облыс бойынша 93 жедел жәрдем бригадасы қызмет көрсетуде. Оның ішінде Тараз қаласы бойынша 43 бригада шақыртуларға шығады. Жедел жәрдем бригадалары медициналық қызметкерлермен толық қамтамасыз етілген.

«Жамбыл облыстық жедел медициналық жәрдем стансасының орталық базасында 103 Call-орталығы орналасқан, облыс бойынша тәулік бойы түскен шақыруларды 12 диспетчер қабылдайды. Қабылданған қоңырауларды 4 эвакуатор-диспетчер шығу бригадаларына бөліп, үйлестіріп отырады. Сондай-ақ, қосымша 2 сенім телефоны қосылған, тәулік бойы оған екі аға дәрігері жауап береді. Пандемияның бірінші толқыны кезінде шақыртулар саны тәулігіне 2000-нан асқан. Осы орайда шақыртулар бойынша кешігулерді азайту мақсатында қосымша арнайы 5 мобильді бригада медициналық қызмет көрсетті», - делінген облыстық Денсаулық сақтау басқармасының хабарламасында.

Қазіргі таңда облыста жедел жәрдем шақыртуларының тәуліктік саны 1200-1300-ге дейін азайған. Екінші толқынға дайындық жұмыстарын жүргізу мақсатында бүгінде барлық жедел жәрдем бригадалары дәрі-дәрмектермен, қажетті құрал-жабдықтармен және жеке қорғаныш құралдарымен толығымен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, облыстық Денсаулық сақтау басқармасынан қосымша тағы екі айлық қорға бірреттік қолдануға арналған обаға қарсы 60 мың дана костюмге, 1000 дана қорғаныш көзілдіріктеріне, 100 мың дана медициналық қолғапқа, 100 мың дана бетпердеге тапсырыс берілген.

«Облыстық жедел жәрдем стансасында 135 санитарлық автокөлік тіркелген, оның 48 пайызының (65 көлік) есептен шығаруға құжаттары берілген. 2020 жылдың соңына дейін лизингпен 52 санитарлық автокөлік алынады деп күтілуде»,- делінген ведомство мәліметінде.


Автор:
Тілші

Jańalyqtar

MURAǴAT