Жамбыл облысында жасөспірімдер арасындағы қылмыс азайды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысында жасөспірімдер арасындағы қылмыстар азайған. Бұл жайлы облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасының өңірлік коммуникациялар қызметінде кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу мәселелеріне арналған баспасөз мәслихатында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Полицейлер білім басқармасымен ынтымақтастықта жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында 2018 жылы 1 800-ге жуық шара өткізіліп, оған 218 мың оқушы қамтылған. Ортақ іске 200 директордың орынбасары, 350 әлеуметтік педагог, 550-ден астам педагог-психолог, 160 мектеп инспекторы жұмылдырылған.

Жамбыл облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметінің ювеналдық полиция бөлімінің бастығы Қуанышбек Қалжановтың айтуынша, былтыр өңірде кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстар 18,1%, ал кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған қылмыс фактілері 192-ден 152-ге қысқарған.

Былтыр ішкі істер органдарына құқық бұзды деген күдікпен кәмелетке толмаған 9 000 бала жеткізілген, 1 400 жасөспірім және 1 284 бала тұратын 792 жайсыз отбасы тіркелген. Жастар шоғырланған жерлерге 3 400 мәрте рейд ұйымдастырылып, кәмелетке толмағандардың бейімдеу орталығына 643 жасөспірім жеткізілген.

«Мектеп» жедел-алдын алу шарасы аясында әкімшілік құқықты бұзды деген күдікпен 199, қамқоршысыз, қараусыз қалған 253 - жалпы 491 жасөспірім жеткізілген.

«Жасөспірімдер арасындағы қылмысқа қарсы күреске білім беру жүйесінің қызметкерлері де, ата-аналар да, полиция да, үкіметтік емес ұйымдар да, жалпы жұртшылық та атсалысуда», - дейді Қуанышбек Қалжанов.

Соңғы жаңалықтар