Жамбыл облысында жас суретшілер мен қолөнер шеберлерінің байқауы өтті

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының 80 жылдық мерейтойына орай Ықылас Дүкенұлы атындағы Тараз қалалық Мәдениет үйінде суретшілер мен қолөнер шеберлерінің байқауы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірдің торқалы тойы мен «Шахристан» этно-мәдени кешенінің бой көтеруі құрметіне арналған шара барысында «Көне Тараз қолөнершілері» атты 11-16 жас аралығындағы жас суретшілер байқауы, «Тараз – қолөнершілер қаласы» атты 16-21 жас аралығындағы жас қолөнершілер сайысы ұйымдастырылды.

Облыс әкімдігі туризм басқармасы өткізген шараны аталған басқарманың «Тараз туризм» туристік ақпараттық орталығы» мекемесінің басшысы Ұлан Жолдықұлұлы сөз сөйлеп ашып, жас шеберлерге сәттілік тіледі. Сондай-ақ, бейнелеу өнері бойынша қазылар алқасының төрағасы Айдархан Сихаев, қолөнершілер бойынша қазылар алқасының төрайымы Сәуле Рысбаева сөз сөйлеп, жүрекжарды лебіздерін білдірді. Мұнан соң талапкерлердің көрмеге әкелген жұмыстарымен танысу кезеңі басталды.

Қалалық Мәдениет үйінің фойесіне қойылған туындылардың бәрінен өңірдің 80 жылдығына, түрленген Таразға деген құрмет байқалады. Тараздағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Сара Тұрарованың «Жаяулау», облыс орталығындағы №21 орта мектеп оқушысы Жасұлан Жанболатұлының «Тарихи кесенелер», Тараздағы №29 орта мектептің оқушысы Ділназ Шәйдікәрімнің «Домбыра» қолөнер жұмысы да сәтті шыққан. Сол секілді, №44 орта мектептің оқушысы, халықаралық «Шабыт» байқауының І орын иегері Гүлназ Амангелдиеваның «Гүлдене бер, Таразымның алмасы», «Тараз табиғаты» суреттері және «Ежелгі Тараз» қолөнер бұйымдары да ерекше назар аудартты.

«Сүйікті қаламыз Тараздың күннен-күнге құлпырғаны қуантады. Сондықтан бұл байқауға Тараз шаһары туралы еңбектеріммен қатыстым. Жетекшім Роза Жантөбетоваға рахмет», – дейді жас шебер Гүлнәз Амангелдиева.

Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің студенті Әлия Жарылқасынның суреттері мен қолөнер жұмысы да көпшілікті сүйсінтті. Ол бұл додаға «Ұлттық музыкалық аспаптар» тақырыбымен шиден тоқыған еңбегімен қатысқан. Мұнда әр қазақ үшін қастерлі домбыра, қобыз аспаптары, түрлі ою-өрнектер бейнеленген. Оның шебер қолынан шыққан «Жамбыл Жабаев» портреті де көпшіліктің назарын аударды.

Бұл байқаудың қорытындысы желтоқсан айының басында облыстың 80 жылдығына арналған іс-шараларда шығарылып, үздіктер марапатталмақ.

Соңғы жаңалықтар