Жамбыл облысында вакциналау деңгейі жоғары аудандарда індет жұқтыру төмендеді

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте санитарлық-эпидемиологиялық ахуал мәселелері сараланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтіңайтуынша, 6-13 шілде аралығында өңірде COVID-19 ауруының өсуі байқалған. 13 маусымдағы мәліметтерге сәйкес, облыс бойынша 10 381 адам инфекция жұқтырған. Тек соңғы тәуліктің өзінде КВИ 52адамнан расталған.

Қазіргі уақытта инфекциялық стационарларда 2075 төсек-орын, оның ішінде 202 -

реанимациялық бөлімшелерде, тағы 170 –карантиндік стационарларда дайындалған. Қосымша 2 685 төсек-орын, оның ішінде 299 - реанимацияда орналастыру мүмкіндігі бар.

«Байзақ, Жамбыл, Т.Рысқұлов аудандарында және Тараз қаласында инфекцияның жоғарылау деңгейі байқалады», - деді Әсет Қалиев.

Ол 582 мың жамбылдықты вакцинациялаумен қамту жоспарланып отырғанын атап өтті. Бүгінгі күні жоспар 41,5 пайызға орындаған. 43 егу пунктінің 15-і Таразда, 28-і аудандарда орналасқан.

Басқарма басшысы вакцинация қарқыны артып келе жатқан аудандарда эпидемиологиялық ахуалды қалыпқа келтірудін тұрақты үрдісі байқалатынын айтты.

«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы пандемияның жаңа кезеңінің қауіптілігі туралы ескертуде. Біз барлық жағдайға дайын болуымыз керек. Өткен қателіктерді ескеріп, оларға қайта жол бермеу бойынша жұмыс жасауға тиіспіз», - деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы төсек-орындарды дайындауды, дәрі-дәрмектер мен жеке қорғаныс құралдарының қажетті қорын қалыптастыруды, керекті құрал-жабдықтарды сатып алуды, қолданыстағы ӨЖЖ-аппараттарының жай-күйін тексеруді тапсырды.

Сонымен қатар, Бердібек Сапарбаев аудан әкімдеріне, мемлекеттік органдардың басшыларына түсіндіру жұмыстарын күшейту, халықты коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинациялауды кеңейтудің маңыздылығын жеткізді.

Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Байділдә Шыналиев мобильдік топтардың шектеу шараларының сақталуын бақылау бойынша жұмыстары ойдағыдай орындалмай отырғанын жеткізді.

«Соңғы күндері Сарысу, Мойынқұм, Жуалы аудандарында рейдтер қорытындысы бойынша карантиндік шектеулердің бірде-бір бұзылуы анықталмаған. Бұлай болуы мүмкін емес. Кез келген сауда орталығына барсаңыз, сатушылар да, сатып алушылар да бетперде тақпайтынын көресіздер. Бизнес нысандарының қызметкерлері тұрғындардан бетперде тағуды талап етіп, антисептиктер ұсынуы керек.

Егер кімде-кім санитарлық нормаларды сақтағысы келмесе, оларды жауапкершілікке тарту қажет», - деп талап етті облыс әкімі.

Кеңеске қатысушылар мобильдік топтардың құрамын қайта қарау туралы шешім қабылдады.

Бердібек Сапарбаев шекарадағы бақылауды да күшейту қажеттігіне назар аудартты.


Соңғы жаңалықтар