Жамбыл облысында вакцина салу 20 егу бөлмесінде жүргізіледі

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында коронавирусқа қарсы вакцинациялау 20 егу бөлмесінде жүргізіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алғашқылардың бірі болып вакцина қабылдаған Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтің айтуынша, облыс бойынша вакцинация қажетті тоңазытқыш құралдарымен жабдықталған 20 егу бөлмесінде жүргізілетін болады. Нақтырақ айтсақ, Тараз қаласындағы тоғыз емханада, Шу қаласы және 10 ауданның емдеу мекемелерінде жүзеге аспақ. Ол үшін 140-тан астам маман арнайы оқудан өткен. Вакцинация процесі денсаулық сақтау басқармасы мен санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің қатаң бақылауында болады.


«Мен өз еркіммен келдім, өзімді және туыстарымды коронавирустық инфекциядан қорғағым келеді. Ауру өте қауіпті, оған күнделікті көзім жетуде. Сондықтан баршаңызды осы вакцинациялауға жауапкершілікпен қарауға шақырамын»,-дейді өткен жылдың мамыр айынан бастап «қызыл аймақта» жұмыс істеп келе жатқан облыстық көпбейінді балалар ауруханасының реаниматолог дәрігері Олжас Кенжебаев.


«Вакцина қабылдау қажет. Мен алғашқылардың бірі болып келіп отырмын, басқалар бізден үлгі алады деп үміттенемін», - дейді Жамбыл облысы бойынша Ұлттық сараптама орталығының аса қауіпті инфекциялар зертханасының меңгерушісі Мәриямкүл Құлатаева.


Штаттан тыс бас эпидемиолог Гули Мырзабекованың айтуынша, ақпан айында вакцинаны бес мың адам қабылдайды. Жалпы, бірінші жартыжылдықта 100 мың жамбылдыққа егу жоспарланған. Ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығынан бастап клиникалық зерттеулердің үшінші кезеңі аяқталғаннан кейін отандық QazCovid-in препаратымен вакцинациялау басталады.


Соңғы жаңалықтар