Жамбыл облысында үздік ұстаздар ұлықталды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында мұғалімдер күніне орай «Ұстаз мәртебесі – Ел мерейі» атты салтанатты кеш өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Тараздағы «Баласағұн» орталық концерт залында театрландырылған көріністен бастау алған мерекелік кеште ұстаздар туралы әндер орындалып, биден шашу шашылды.

«Қазір Жамбыл жерінде 25 мыңнан астам мұғалім педагогтік қызметпен айналысуда. Бұл үлкен еңбек деп білемін. Сондықтан соңғы жылдары мұғалімдердің білім саласындағы осы табыстары республика көлемінде көптеп көрінуде. Мысалы, өңірімізде барлығы 31 мұғалім «Үздік педагог» атанса, 1200-ден аса педагог халықаралық, республикалық байқауларға қатысып, жүлделі орын алған. Биылғы түлектердің 75 пайызға жуығы жоғары оқу орындарына түскені де осындай қажырлы еңбектің жемісі екендігі сөзсіз», – деді облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова құттықтау сөзінде.

Сондай-ақ аймақ басшысының орынбасары үздік ұстаздарды марапаттады.

Атап айтқанда, Т.Рысқұлов ауданындағы «Абай атындағы шағын орталықты орта мектебі» Коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Айткен Абишов пен Байзақ ауданы Ғ.Мұратбаев атындағы мектеп-гимназияcының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Найля Искакова «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілерімен марапатталды.

Ал Жамбыл ауданы Төле би атындағы орта мектептің директоры Жанат Шардарбекова «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері атанды.

Сонымен қатар «Үздік педагог-2019» облыстық конкурсының нәтижесі шығарылды. Бас жүлдені Тараз қаласы ерекше дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Дарын» мектеп-интернатының математика пәнінің мұғалімі Мұхтар Талқанбаев иеленіп, оған 500 мың теңге табыс етілді. Сондай-ақ бірінші, екінші орын иегерлері мен түрлі номинациялар бойынша жеңімпаздар анықталып, оларға 100-300 мың теңгелік сертификаттар берілді. Барлығы 15 мұғалім марапатталды.

Бұдан бөлек, 12 ұстаз облыс әкімінің Құрмет грамотасына ие болды.

Салтанатты шарада жиылған көпшілікке балдырғандар LED экран арқылы жылы лебіздерін білдірді. «Ұстазым менің, ұстазым» хэштегінен үзінділер көрсетіліп, әртүрлі мамандық иелерінің құттықтаулары берілді.

Айта кетейік, соңғы жылдары облыс педагогтары көптеген жетістіктерге қол жеткізген. Мәселен, биылғы «Үздік педагог – 2019» республикалық конкурсында аталмыш атаққа жамбылдық 4 ұстаз лайық деп танылған. Олардың қатарында Жамбыл ауданы Б.Бесбаев атындағы мектеп-гимназиясының орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айгүл Қалмаханова, Байзақ ауданы Ғани Мұратбаев атындағы гимназияның қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Бақыт Күдериева, Ерекше дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Дарын» мектеп-интернатының математика пәнінің мұғалімі Мұхтар Талқанбаев және Құлан агротехникалық колледжінің ветеринарлық оқытушысы Еркебұлан Ертаев бар.

Ал осы үздіктердің ішінде Айгүл Қалмаханованың кандидатурасы «Әлем педагогі» байқауына ұсынылып отыр.

Соңғы жаңалықтар