Жамбыл облысында ұлтаралық қатынастарды нығайту қалай жүргізілуде

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының тұрғындары Қордай ауылындағы орын алғаноқиғалардан кейін әкім Бердібек Сапарбаевтың шешімімен «Бейбітшілік пен келісім» жобасықолға алынғандығынан хабардар. Жоба мақсаты – қақтығыс аймағындағы әлеуметтік үйлесімді қалпына келтіру және мұндай оқиғалардың алдын алу, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бағдарламаны іске асыру шиеленістің ықтимал ошақтарын анықтаудан басталған. 25 елді мекенге түрлі себептерге байланысты атқарушы биліктің қосымша назары қажеттігі белгілі болып отыр. Бұл елді мекендерге арнайы құрылған бес мониторингтік топ мүшелері барып, халықпен көптеген кездесулер өткізген. Жүздесулер нәтижесі бойынша шұғыл шешуді қажет ететін өзекті мәселелер анықталған.

Облыс әкімімен өткен кездесуде аталған топ жетекшілері ақпараттық-түсіндіру, әлеуметтік мәселелер, ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту, діни және құқықтық мәселелер бойынша атқарылған жұмыстар туралы есеп берді.

Ақпараттық-насихат тобын басқарған ішкі саясат басқармасының басшысы Дауыл Бейсенқұлов «Бейбітшілік пен келісім» жобасын іске асыру бойынша Жол картасына енген 89 тармақтың Қордайдағы жағдайды тұрақтандыруға қатысты 27-тармағы орындалғанын, 50-і орындалу үстінде екенін хабарлады. Ал, қалған алтауының мерзімдері ұзартылса, тағы алтауы бойынша қосымша қаржы қажет.

Басқа аудандардағы елді мекендерге келетін болсақ, онда ауқымды әлеуметтік зерттеулер

жүргізіліп, соның негізінде анықталған мәселелерді шешу бойынша шаралар қабылданбақ.

Басқа топтардың жетекшілері – жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басшысы Жорабек Баубеков, дін істері басқармасының басшысы Жангелді Омаров, кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық дамыту басқармасы басшысының орынбасары Еркін Атымтаев, облыс прокурорының орынбасары Руслан Исаев та анықталған мәселелер хақында тоқталып өтті. Атап айтқанда, жұмыс орындарының тапшылығы, ауыз су және суармалы сумен қамтудағы қиындықтар, жайылымдардың жетіспеушілігі, үй және шаруа қожалықтарының өнімдерін өткерудегі түйткілдер, құқық қорғау органдарына және медициналық көмектің сапасына байланысты шағымдар.

Сондай-ақ, әлеуметтік мәселелер жөніндегі топ жетекшісі Жорабек Баубековтің айтуынша,

кездесулер қорытындысы бойынша 83 адам ақылы қоғамдық жұмыстарға, 50 адам жастар

практикасына жіберілген. Ал, 1025 адам бизнес-идеяларын жүзеге асыруға қайтарымсыз гранттарға, 58 адам шағын несиелерге қол жеткізген.

Сонымен бірге Ж.Баубеков ауыл тұрғындарының көптеген мәселелерді шешуге ықпал ететін

мемлекеттік бағдарламалардан хабарсыз екендігін тілге тиек етті. Бұған ішінара қоғамдық-саяси жаңалықтарға онша қызығушылық танытпайтын жергілікті тұрғындардың өздері де кінәлі. Спикер елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктерін ауыл тұрғындарына түсіндіретін арнайы насихат топтарын құруды ұсынды. Бұл ұсынысты облыс әкімі қолдады.

«Бейбітшілік пен келісім» жобасы бойынша көптеген жұмыстар атқарылған десек те, жиынға

қатысушылар шешілмеген мәселелерге көбірек назар аударды.

«Біз қақтығыстардың қалай алдын алуға болатынын түсіндік, бейбіт жолмен шешілген кездер де болды. Алайда, мұндай жағдайлар мүлдем туындамауы тиіс, ол үшін көп нәрсе атқарылуы керек.

Ел басшылығы бұл мәселелерге жіті назар аударып отыр», - деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.

Тұрғындар сенімсіздік білдіретін жергілікті атқарушы органдардың басшыларына, теологиялық білімі әлсіз имамдарға тағы басқаларға қатысты шағымдар айтылды.

«Көбіне жергілікті деңгейдегі әкімдердің дәрменсіздігінен қабылданған шешімдер нәтижесіз болады. Бұдан былай аудан әкімдерінен атқарылған жұмыстар туралы нақты сандар мен фактілер, ауылдық округ әкімдерінің есептерін үнемі тыңдап отыруды талап етемін», - деп ескертті Б.Сапарбаев.

Кеңес қорытындысы бойынша облыс әкімі жауапты тұлғаларға тапсырмалар жүктеді. Олардың орындалу барысы келесі басқосуларда талқыланатын болады.


Соңғы жаңалықтар