Жамбыл облысында ҰҚШҰ оқу-жаттығулары салтанатты түрде ашылды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстан аумағында Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының «Өзара іс-қимыл», «Іздеу» және «Эшелон» оқу-жаттығулары өтіп жатыр. Бұл туралы ҚазАқпарат ҚР Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Оқу-жаттығулардың ашылу салтанатына ҰҚШҰ Бас хатшысының орынбасары Тахир Хайруллоев, ҰҚШҰ Біріккен штабының бастығы генерал-полковник Анатолий Сидоров, ұйымға мүше елдер қарулы күштерінің өкілдері қатысты.

ҚР Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары - ҚР Қарулы күштері Бас штабының бастығы, генерал-лейтенант Марат Құсайынов оқу-жаттығуларға қатысушыларды құттықтай отырып, өңірдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіндегі және қатысушы мемлекеттердің әскери қызметшілерінің кәсіби шеберлігін арттырудағы ұйымның маңызын атап өтті.


«Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше елдер – стратегиялық әріптестер мен одақтастар, ал алдағы оқу-жаттығулар әскери қызметшілердің жауынгерлік шеберлігін және ұжымдық күштер бөлімшелерінің үйлесімділігін жетілдіру құралы ретінде ғана емес, онымен қоса тиімді халықаралық әскери ынтымақтастықты, тәжірибе алмасу бағытындағы іс-қимылды жетілдіру үлгісі», - деді генерал-лейтенант Марат Құсайынов.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, 26 қыркүйек пен 8 қазан аралығында Жамбыл, Алматы облыстарында ҰҚШҰ ұжымдық жедел ден қою күштерінің «Өзара іс-қимыл-2022», «Іздеу-2022» және «Эшелон-2022» оқу-жаттығуы өтеді. Оқу-жаттығулардың белсенді кезеңі 3-7 қазан аралығына келеді.



Фото : gov.kz






Соңғы жаңалықтар