Жамбыл облысында ҰБТ тапсыратын бітірушілердің саны азайды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысында ҰБТ тапсыратын бітірушілердің саны азайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биыл Жамбыл облысында мектеп бітірушілерінің 64%-ы ҰБТ тапсырмақ, былтыр бұл көрсеткіш 70% еді.

Облыстық білім беру басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетованың айтуынша, өңірде биыл 9 611 оқушы бітіреді (2017 жылғы көрсеткіш - 8 826). Соның 241-і «Алтын белгіден», 194-і үлгілі аттестат алудан үмітті.

«Биыл жамбылдық бітірушілердің 6 082-сі ҰБТ тапсыруға ниет білдірді. Соның 5 368-і мемлекеттік тілде, 714-і орыс тілінде емтихан тапсырады. Ал ағылшын тілінде емтихан тапсыруға ниет білдіргендер әзірге жоқ. ҰБТ тапсыруға он пункт әзір тұр, оның ішінде Мұхаммед-Хайдар Дулати және Тараз мемлекеттік педагогика институты да бар», - дейді ол.

Оқушылар Ұлттық тестілеу орталығының сайтында (www.testcenter.kz), тікелей қалалық тестілеу орталықтарында немесе өз бетімен сынақ ретінде тест тапсырып көруіне болады.

Ұлттық бірыңғай тестілеу биыл 1 маусымнан 1 шілдеге дейін, ал кешенді тестілеу 17-23 шілде аралығында өтеді. Қорытынды аттестаттау 29 мамырдан 9 маусымға дейін жалғасады. ҰБТ-ны қайта тапсыру мүмкіндігі 2018 жылдың тамызында және 2019 жылдың қаңтарында беріледі.

Соңғы жаңалықтар