Жамбыл облысында туысын сан соқтырған алаяқ әйел ұсталды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысы Сарысу ауданында алаяқтықпен айналысқан 34 жастағы азаматша ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жамбыл облысы Сарысу аудандық полиция бөліміне Жаңатас қаласының екі тұрғыны алаяқтық дерегі бойынша арызданған.

Арызда олар бірінің туысы, екіншісінің танысы болып келетін азаматша қайтарымсыз 5 миллион теңге несие алып беремін деп сеніміне кіріп, әрқайсысынан 100 мың теңгеден, жалпы 200 мың теңге қаражатты алдап алып, өз қажетіне жаратып жібергенін көрсеткен.

Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 190-бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды.

Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шаралары барысында 34 жастағы Жаңатас қаласының тұрғынын ұстады.

Ол ешқайда жұмыс жасамайды және қайтарымсыз несие алып беретін мүмкіндігі жоқ, ал аталған ақшаны өзіне керек болған себепті алдап иемденгенін мойындады.

«Қазіргі уақытта адамдардың сенгіштігі мен оңай олжаға қол жеткізгісі келетінін пайдаланып, өздерінің ұтымды ұсыныстарымен қарапайым азаматтарды азғыратын алаяқтар қатары көбейген. Бір ғана Сарысу ауданының өзінде бір аптаның ішінде 7 алаяқтық дерегін аштық, олардың бәрі сотқа жолданатын болады. Полиция бөлімінде алаяқтық қылмыстарына қарсы арнайы жұмыс тобы құрылды. Жергілікті тұрғындарға да алаяқтық деректерінің алдын алу жолдарын түсіндіріп, тексерілмеген ақпаратқа сенбеуді ұдайы ескертудеміз» - деп атап өтті Сарысу АПБ бастығы Асхат Алметов.

Соңғы жаңалықтар