Жамбыл облысында тоқсан сайын тілдік ахуал зерделенеді

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында тоқсан сайын тілдік ахуал зерделенеді. Бұл туралы ӨКҚ ақпарат алаңында облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жамбыл облысында тоқсан сайын аймақтың тілдік ахуалы зерделенеді. Бұл мақсатта аймақтағы атқарушы органдардың кіріс-шығыс құжаттарына мониторинг жасалады. Былтыр мемлекеттік органдардағы қазақ тіліндегі шығыс құжаттарының үлес салмағы –99,2 пайызды құраған.

Спикердің айтуынша, жамбылдық тұрғындардың тілдік ахуалына өткен жылы әлеуметтік сауалнама жүргізілген. Нәтижесінде, мемлекеттік тілді меңгерген халықтың үлесі 91,9 пайызды көрсеткен.

Сондай-ақ, ағылшын тілін білетін тұрғындар үлесі 27,7 пайыз. Үш тілді меңгерген тұрғындар үлесі – 27,8 пайызды құраған.

«Былтыр Жамбыл облысында тіл саясатын жүзеге асыруға жергілікті бюджеттен 157 млн.теңгеден астам қаржы бөлінген. Былтыр мемлекеттік тілді меңгерген мемлекеттік қызметшілердің үлесі 48%-ды құрап, 28 пайызға артқан. Сонымен қатар, мемлекеттік қызмет

көрсететін ұйым қызметкерлері 62,2 пайызды құрап, 26,7 пайызға артқан. Былтыр үш тілді оқыту бойынша барлығы 3512 тыңдаушы тегін оқу курстарына жіберілген. Мемлекеттік тілді оқытудан 2385 тыңдаушы өтсе, оның ішінде 93,8 пайызы өзге ұлт өкілдері»,- дейді басқарма басшысы.

Айта кету керек, аймақта этностардың өз ана тілдерін оқыту да жолға қойылған. Осы бағыттағы оқыту бойынша былтыр барлығы 142 адам қамтылыпты. Оның ішінде 36-сы әзербайжан, 60 дүнген, 19 күрді, 16 балқар мен 12 қырғыз бар. Ал қазақ тілін тілдесу арқылы меңгертуге, қазақ тілінде ойын еркін жеткізе білуге үйретуге жақсы жағдай жасалған. Бұл ретте TedX форматында жүргізілетін барлық ауданда «SÓILE» клубтары құрылған. Өткен жыл ішінде «SOILE» клубының 97 отырысы өткен. Нәтижесінде, 1600-ден аса өзге ұлт өкілі мемлекеттік тілде еркін сөйлеуге үйрететін тілдік ортаға тартылған.


Соңғы жаңалықтар