Жамбыл облысында «Тараз HUB» IT-орталығы ашылды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Бүгін Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтың қатысуымен облыс орталығында «Тараз HUB» IT-орталығының салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұған дейін дәл мұндай орталық Астана («Astana hub») қаласында ғана жұмыс істеп келген десек, екінші болып  Тараз қаласында ашылып отыр.

«Taraz Hub»-тың негізгі миссиясы - ІТ-мамандардың жаңа буынын даярлау, стартап-мәдениетін дамыту және ел мен облыс экономикасын нығайту үшін жоғары технологиялық жобаларды құру. Жобаның жалпы құны 250 миллион теңгені құрайды. Жоба аясында 15 жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде. Сондай-ақ, онда 50 жұмыс орны бар 15 стартап компанияны орналастыруға жағдай жасалған.

Асқар Исабекұлы «Taraz Hub» Жамбыл облысының ІТ-индустриясы дамуының өзегі және локомотиві болуы тиіс екендігін атап өтті. Өңірде осындай орталықты құру туралы шешім білікті мамандарға деген сұраныстың өсуіне негіз болатыны сөзсіз. Орталық директоры Нұрсұлтан Темірханның айтуынша «Taraz Hub» алдағы уақытта барлық жастағы адамдарды IT саласындағы жаңа технологияларға, шағын және орта бизнеске қолдау көрсетуге үйрететпек. Оқытушылардың біліктілігін арттыру, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жұмыстары да жүргізілетін болады. Коворкинг аймағында заң және бухгалтерлік салалары бойынша жұмыс орындары ұсынылмақ. Бизнес инкубаторда түрлі шеберлік сағаттары, бизнес тренингтер өтеді.

 - Қазіргі таңда орталықта еліміздегі ең білікті ІТ мамандар жұмыс жасауда. Осы бағыттағы үздік компаниялармен байланыс орнатудамыз. Бұған дейін 13 компаниямен келісім жасалса, тағы 30-ға жуық компаниямен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Ақпараттық технология бойынша жұмыс жасайтын олардың санын 80-ге дейін жеткізуге мүмкіндік бар. Орталықтағы мамандар баламалы энергия көздерін өндіруге арналған қондырғылар, робот құрастыруда тың жетістіктерге жету жолында еңбектенуде. Алдағы уақытта «Taraz Hub»-ты республика бойынша үздік орталыққа айналдыруды жоспарлап отырмыз,- дейді орталық басшысы Нұрсұлтан Темірхан.

Айта кету керек, бүгінде орталық «Enactos Dulati» компаниясының жаңа отын түрін ойлап табу жобасын қолдауда. Ол отын көң және өзге де қалдықтардан құралады. Қуаты көмірмен деңгейлес жаңа отынның құны көмір бағасынан 8 есе төмен. Қазірдің өзінде оны Жамбыл ауданы Өрнек ауылындағы бірқатар тұрғындар үйлерін жылыту үшін көмірдің орнына пайдалануда. 

  

Ғибрат Сембай

Соңғы жаңалықтар