Жамбыл облысында Талас өзеніне батып кеткен қыздың денесі табылды

Фото:
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында Талас өзеніне батып кеткен қызды оның туыстары, волонтерлер, жергілікті тұрғындар тәулік бойы іздеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қайғылы оқиға 23 шілде күні сағат 17:30-дар шамасында Тараз қаласына жақын маңдағы Жамбыл ауданында, Жасөркен ауылының маңында болған. Немересін ерткен қарт сол күні Талс өзеніне шомылмақ болып, суға батып кеткен. Ауыл тұрғындары өзеннен ер адамның денесін шығарған.

Жамбыл облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері сол күні қызды іздеуді бастады. Құтқарушылар қызды түн батқанша іздеп, 24 шілде күні таң ата іздеу жұмыстары қайта жанданды.

Жамбыл облыстық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, іздеу жұмыстары 24 шілде күні таңғы 5:00-ден басталған. Оған Жамбыл облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің 74 қызметкері мен 7 техникасы жұмылдырылған. Сондай-ақ іздеу жұмыстарына суға батқан қыздың туыстары мен жақын маңдағы ауыл тұрғындары да асталысты. Қызды іздеу туралы әлеуметтік желіге жазылған хабарламаға еріктілер де үн қосып, көмектесті.

Сағат 18:10-да қыздың денесі табылды.

«Қыздың денесін судың ағысы алып кеткен. Іздеу жұмыстарына барлығы 200 адам қатысты»,-деп хабарлады Жамбыл облыстық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Сәуле Мұңатбаева.

Айта кетейік, суға батып кеткен ер адамның жасы 61-де, ал немересі 7 жаста болған. Қыздың ата-анасы жұмыс іздеп өзге елге кеткен.

Жамбыл облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, 2021 жылы өңірдің су қоймаларында суға батып кеткендер саны 3,5 есеге кеміген.

Осыған дейін Жамбыл облысында ер адамның немересімен бірге суға батып кеткені хабарланды.



Соңғы жаңалықтар