Жамбыл облысында Шерхан Мұртазаның әдеби-мемориалдық музей-үйі ашылды

None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысы Жуалы ауданында Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 90 жылдығына орай әдеби-мемориалдық музей-үйі ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Шерхан Мұртаза Жуалы ауданы Талапты ауылында дүниеге келген. Туған ауылымен байланысын ешқашан үзбеген. Жазушы алғашқы шығармаларын, оның ішінде әйгілі «Ай мен Айша» өмірбаяндық романын туған жері Жуалы ауданы мен оның ерекше табиғатына арнаған.

Өңір әкімдігінің мәліметіне сәйкес, музейге жазушыға тиесілі тұрмыстық заттар, оның құжаттары, дипломдары, марапаттары, медальдары, отбасымен және достарымен бірге түскен фотосуреттері қойылған. Халық жазушысының ауылдастары, зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері Шерхан Мұртазаның кабинетін, кітапханасын дәл сол қалпында көріп, тамашалады.


Ғимараттың үшінші қабатында бильярд залы бар. Шерхан Мұртаза бір кездері тек қарымды қаламгер ғана емес, бильярд ойының шебері ретінде де өзін көрсете білген.

Сондай-ақ Талапты ауылында халық жазушысының 90 жылдығына арналған салтанатты шара өтті.

«Шерхан Мұртаза шындықтың шырақшысы бола білген алып тұлға. Қызметін баспа редакторлығынан бастап, ұзақ жылдар республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының басшысы, Парламент Мәжілісінің депутаты ретінде қаламгерлік пен қайраткерлікті қатар алып жүрді.


Оның елге бергені, айтқаны, көрсеткен үлгісі, сілтеген жолы ұшан-теңіз. Көзі тірісінде баспасөздің баһадүрі, қара сөздің зергері, шындықтың шырақшысы атанды», – деді Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов.

Сондай-ақ, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, Қазақстанның Ері Мұхтар Шаханов, Халық қаһарманы Бақытжан Ертаев, академик, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәбден Оразалы, «Қазақстан дәуірі» газетінің бас редакторы Сәуле Мешітбайқызы да ойларын ортаға салып, жазушының тұлғалық болмысы туралы әңгімеледі.

Шара барысында жазушылар арасындағы «Ақиқаттың ақ туы» байқауы мен «Шынның жүзі – Шераға» республикалық ақындар мүшайрасының жеңімпаздарын салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтті.

Еске салайық, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шерхан Мұртазаның 90 жылдығына орай Таразда өтіп жатқан мерейтойлық іс-шараға арнайы құттықтау хат жолдаған болатын. Кеше Тараз қаласында Шерхан Мұртазаға арнап ескерткіш қойылған еді.



Соңғы жаңалықтар