Жамбыл облысында саумалмен емдейтін шипажай бар

None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысының оңтүстігінде орналасқан, Тараз қаласынан шамамен бір жарым сағаттай жол жүрсеңіз, алдыңыздан сұлу табиғат, биік таулар, әдемі көрініс қылаң береді. Мұнда Қырғыз Алатауының Ашамайлы, Қорғантас, Қарақыр, Көкқия, Көгершін, Шөңгір, Құттыжан, Ойранды, Шал, Қайыңды, Сөгеті, Мамай, Қарауылшоқы және Көкдөнен таулары орналасқан. «Тауқымыз» шипажайы осындай көркем табиғаттың аясында орын тепкен, деп жазады ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік, шығыс Қазақстан жақтан келетін демалушылар шипажайға «Луговая» станциясынан түсіп, көлікпен 40-50 минутта жете алады.

Ал батыс жақтан келушілерге пойыздан Таразға түсіп, көлікпен жеткен ыңғайлы.

Одан соң Ақыртөбе ауылын қақ жарып тіке тартсаңыз да, Құмарық ауылын көктей өтсеңіз адаспайсыз.

«Тауқымыз» – дәстүрлі ем-шаралардан бөлек, Қазақстан бойынша саумал, қымызбен емдейтін бірден-бір шипажай.

Тау бөктерінің түрлі өсімдіктеріне жайылған жылқылардың сүтінің құнары мен қуаты, емдік қасиеті зор.

Мұнда қымыздың 5 түрі дайындалады: сүр қымыз, асау қымыз, жуас қымыз, уыз қымыз, қысыр қымыз.

«Жаңадан туған, уызы тарқамаған биелерден жасалған қымыз жуас қымыз болады. Оны қанша көп пісіп, дайындаса да уыз татып тұрады, ерекше бір жұмсақ дәмі таңдайдан кетпейді. Бұл кезде сүт те қою, қымыздың ашуы қиынырақ болады. Қалай уыз тарай бастайды, солай қымыз да жақсы аши бастайды. Ал асау қымыздың қорын көбірек қосып, көп пісеміз. Ол адам бойын қыздырып, денесіне бірден қан жүгіртеді. Сүр қымыз деп, 3 ай, 5-6 айға дейін сақталған қымызды айтамыз. Олар неғұрлым ұзақ сақталған сайын сап-сары бола түседі. Ішкен адам құшырланып, рақаттанып ішеді. Соңғысы, қысыр қалған биелердің сүтінен жасалатын қысыр қымыз деп аталады. Келген ем алушылар көбіне жуас қымызды жақсы көреді. Саумалды демалушылардың көзінше сауып, қонақтарымызға жылыдай ұсынамыз», - дейді қымызды бабына келтіре дайындайтын Базаркүл Бектұрова.
Оның айтуынша, қымыз да, саумал да өздерінің қолындағы биелерден сауылып, дайындалады.

Таудың шүйгін шөбіне жайылады. Жаз айларында мұнда байланып, сауылатын биелер саны 300 басқа дейін барады.

Көктемде жаңа туған биелерді бір аптадан кейін бөлек қораға қамай бастайды. Күзге қарай суалған биелерді босатып, қыз мезгілінде саууға тек 50-60 бас бие қалдырады.

Қазірдің өзінде шипажайда 6-7 үйірге дейін бие сауылып жатыр. Екі үйірді саууға қамап жатқан кезде, екі үйірді жайылымға шығарады.

«Енді қымызды дайындау барысына келер болсақ, алдымен күбілерді ыстық сумен жуып, салқын сумен шайып, әбден кептіріп, құйрық майды шыжғырып, күбіні майлаймыз. Сосын сабанмен немесе киікотынмен ыстаймыз. Сабанмен ыстағанның өзінің дәмі бөлек болады, киікотынмен ыстағанда жалбыздыкіндей ерекше бір дәм шығады. Қымызға әркімнің қалауынша құйрық май, мейіз қосып ішуге болады», – дейді Базаркүл Бектұрова.
Шипажай 2016 жылы ашылған. Бастапқыда келушілерді өзге ем-шарасыз, тек саумалмен емдеген.

2020 жылдан бастап 72 адамға арналған арнайы ғимарат соғылып, басқа да ем-шаралар қосылады.

Жолдама құны – адам басына бір күнге 15 мың теңге. Бұл соманың ішіне 4 мезгіл тамақ (таңғы ас, түскі ас (бірінші, екінші тамақ, салат, нан, шай), бесін шай, кешкі ас (1 тамақ, салат, нан, шай), 2, 3, 4, 5 орындық жатын бөлмесі, күніне 200 граммнан үш мезгіл саумал, бір мезгіл 200 грамм қымыз, сондай-ақ, гидромассажды ванна, маржан ваннасы, балшықпен емдеу, тұзды бөлме, фитобөшке, парафин, оттегі баллоны, массаж жасайтын төсек, тұзды шахта қабылдау кіреді.

Тек массаж бен лимфодренажды массаж демалушылардың қалауына қарай қосымша ақыға жасалады. Жалпы дене массажының бір сеансы – 5000, лимфодренажды массаждың бағасы – 1000 теңге.

Шипажайда ем-шара қабылдамай, тек саумал ішуге келушілерге де жеңілдік қарастырылған.

Халат, сүлгі, төсек-орын жабдықтарын шипажай ұсынса, өзіңізбен қажетті заттар қатарында жеке куәлік, резіңке тәпішке, жеке гигиеналық заттар бар.

Мұндағы білікті дәрігерлер ем-шараны өздері тағайындайды, сондықтан емханадан жолдама алудың қажеті жоқ.

Тағы бір ескеретін мәселе, демалыс орны таудың етегінде орналасқандықтан, жақын жерде дәріхана, дүкен жоқ.

Сондықтан керекті дәрі-дәрмекті бірге ала келген жөн.

«Біздің ұсынатын қымызымыз бен саумалымыз ғана емес, барлық ас-ауқат, тағамдарымыз табиғи. Бәрін өзіміз өндіреміз, жылқы, қой, сиыр етінің барлығы өзіміздің бағып отырған малымыз. Тіпті, бау-бақша өнімдері, қиярымыз бен қызанағымызға дейін, көк-сөгімізге дейін өз бақшамызда егіп, өсіреміз. Жеміс-жидектің де түр-түрін бақшамыздан үзіп әкеліп, емделушілерімізге ұсынамыз. Бұдан бөлек, минералды суымыз да бар. Бізге екі бұлақтың суы келеді», - дейді шипажай басқарушысы Жанерке Дөненбаева.

Ем-шараға пайдаланатын балшықты да сырттан тасымайды, осы маңдағы тарихи орын, жаудың беті қайтқан Сұмқайтты жерінен алып келеді.

Балшық пен бұлақ суынан көрші Ресейдің Томбы қаласының ғалымдары сынама алып, екеуінің де пайдасы зор екенін, минералды суды тіпті ешбір сүзгіден өткізбей-ақ қолдана беруге болатынын айтқан.

Оны растайтын арнайы сертификаты да бар.

Шипажай жанында футбол алаңы мен спорт зал да бар. Спортшылар келіп, әрі демалып, әрі шынығып кетеді.

«Шипажай ретінде ашылғанымызға небәрі үш жыл ғана болса да, 4 мыңнан астам адамға қызмет көрсетіп үлгердік. Бір демалып кеткен адам келесі жылы міндетті түрде қайта келуге асығып тұрады. Бұл жерде біздің қызмет көрсететін персоналдарымыздың да еңбегі зор. Шағын шипажай болғандықтан, әрбір келушіге өз деңгейінде көңіл бөлуге мүмкіндігіміз мол. Сондай-ақ, шипажайдан бөлек, 500 метрдей қашықтықта біздің демалыс орнымыз қызмет көрсетеді. Онда тапшандар, киіз үйлер, бассейндер, караоке бар. Тауға шығып демалып, серуендеп қайтуға, атқа мінуге, қонақ, құдалық күтуге барлық жағдайлар қарастырылған. Шипажайда емделушілер де атқа мініп, серуендей алады», – дейді шипажай басқарушысы Жанерке Дөненбаева.
Сайрамбай Дөненбаев деген есім бүгінде тек Жамбыл жұртшылығына ғана емес, қазақстандықтардың да біразына таныс.
«Тауқымыздың» негізін Қазақстанның Еңбек Ері, «Шәушен» шаруа қожалығының басшысы болған атымтай жомарт, марқұм Сайранбай Дөненбаев пен ағасы Мейрамбек Дөненбаев қалаған.

Бүгінде бұл отбасылық кәсіпті Дөненбаевтардың ұлдары мен келіндері жүргізіп келеді.

Бұған дейін Almaty Resort шипажайы өз қонақтарын қалай қарсы алатынын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар