Жамбыл облысында сапасыз жолдар үшін 70 лауазымды тұлға жауапқа тартылды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында 70 лауазымды тұлға сапасыз жолдар мен қозғалыс қауіпсіздігін тиісті деңгейде қамтамасыз етпегені үшін жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жамбыл облысының Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері 5 мың километрден астам көлік жолын тексеріп, 5 мыңға жуық ақауды анықтады.

«Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында облыстың автомобиль жолдарында 5365 шақырым жол қамтылып, оларға қатысты 787 тексеру жұмыстары жүргізілді. Тексеру барысында 4867 ақау анықталды. Оның ішінде республикалық маңызы бар жолдарда - 975 ақау, облыстық маңызы бар жолдарда - 536 ақау, аудандық маңызы бар жолдарда - 539 және елді мекендердің көше-жол тораптарында 2802 кемшілік анықталды», – деді Жамбыл облысы ПД бастығының бірінші орынбасары Бақыт Ратаев.

Тексеру нәтижелері бойынша жол мекемелерінің басшыларына 787 ұйғарым беріліп, 705 жауап алынған. Оның төрт жүзден астамында қаржыландырудың болмауынан орындау мерзімі созылып жатқаны айтылған. Автомобиль жолдарын жөндеу және күтіп ұстауда анықталған кемшіліктер бойынша жергілікті атқарушы органдарға - 87 ақпарат, облыстық және аудандық прокуратура органдарына 26 ақпарат жолданды.

«Автомобиль жолдарын қанағаттанарлық жағдайда ұстағаны және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етпегені үшін 70 лауазымды тұлға: оның ішінде жолдарда жұмыс жүргізу, жолдарда, теміржол өткелдерінде жол құрылыстарын жүргізу бойынша талаптарды орындамағаны үшін 60 лауазымды тұлға және жолдардың, теміржол өткелдерінің және басқа да құрылыстардың немесе жол қозғалысын реттеудің техникалық құралдарының жарамсыздығы үшін 10 жеке тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды»,-делінген ведомство хабарламасында.


Соңғы жаңалықтар