Жамбыл облысында полицияның бес фронт кеңсесі ашылды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Бүгін Жамбыл облысының Полиция департаменті жанындағы фронт кеңсенің ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Фронт кеңсенің ашылу рәсіміне полиция департаментінің басшылары, әкімдік, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, журналистер мен блогерлер қатысты.


Ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі 2019-2021 жылдарға арналған Жол картасын және Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген мақсаттарды іске асыру аясында азаматтар үшін бұл күні бірден бес фронт-кеңсе ашылды, оның екеуі аудандық полиция бөлімдерінің жанында істейді.

Нәтижесінде бүгінгі таңда Жамбыл облысында 14 фронт кеңсе жұмыс жасайды. Онда әкімшілік полиция, көші-қон және жергілікті полиция қызметінің мамандары тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, түрлі мәселелерді шешуге қатысты қажетті көмек көрсетеді, сонымен қатар халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтер бойынша ақпарат береді.


Сондай-ақ фронт кеңсе қызметкерлері өздерінің тікелей міндеттерін орындаумен қатар, азаматтардың құқық қорғау органдарының жұмысын жақсарту жөніндегі ұсыныс-пікірлерін тіркейді. Құқық қорғау органдарында бұрын-соңды мұндай азаматтарды қабылдау фронт-кеңселері болмағанын ескерсек, Департамент басшылығы облыс тұрғындары үшін бұл жаңашылдықтың тигізер пайдасы мол болатынына сенім артады.


Жаңа фронт кеңсе өз жұмысын бастағаннан кейін ПД бастығы полиция полковнигі Арман Оразалиев азаматтарды жеке қабылдады, бұдан кейін осы күні Тараз қаласының Полиция басқармасы мен №2 қалалық полиция бөлімінде ашылған жаңа фронт кеңселермен танысты.

Бүгінгі таңда фронт кеңсе қызметкерлеріне барлығы 5 мыңнан астам адам жүгінген, олардың барлығына уақтылы құқықтық көмек көрсетілді, әрбір өтінішке азаматтар толыққанды және кәсіби жауап алды.

Осылайша, полицияның халықпен жұмыс жасаудағы енгізілген жаңашылдық үрдісі қоғамдық диалогты ұйымдастыруды айтарлықтай жақсартып, азаматтардың қажеттіліктеріне қатысты ашықтық пен жедел ден қою қағидаттарын іске асыруға мүмкіндік береді.




Соңғы жаңалықтар