Жамбыл облысында полицейлер жолда қалған балалы әйелді құтқарды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Қар құрсауынан құтқарылған аймақ тұрғындары полицейлерге алғыс айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Жамбыл облысы полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Еске сала кетейік, Жамбыл облысында қолайсыз ауа райына байланысты тек Алматы-Шымкент республикалық тасжолы ғана емес, сонымен қатар жергілікті автожолдар да жабылған болатын.

Жамбыл облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, Жуалы аудандық полиция бөлімі мен Жамбыл облысы ПД патрульдік полиция батальонының қызметкерлері қауіпті кезеңде жол үстіндегі келеңсіз жағдайлардың алдын алу үшін көп күш жұмсады. Екі тәулік бойы бұрқасынға қарамастан олар жұмыс істеді.

«Ауа райының қолайсыздығы мен жолдың көрінбеуінен Жуалы ауданының бес учаскесіндегі жолдарды жабуға тура келген. 30 полиция қызметкері, 15 қар тазарту техникасы мен жол қызметкерлері жұмылдырылды», - деп хабарлады Жамбыл облысы полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы басшысының орынбасары, полиция полковнигі Самат Құсайынов.

Оның айтуынша, полицияның басты міндеті – қар басқан жолдарда жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оларға жан-жақты көмек көрсету. Құтқарылған азаматтар өз кезегінде қиын уақытта қолдау көрсеткен полиция қызметкерлеріне алғыс айтты.

«Мәселен, Тараздан Шымкентке бара жатқан көліктердің бірінде баласы бар әйел болған, - деді ведомствоның баспасөз қызметінен. – Қарлы боранда қалып қойған әйелдің айтуынша, олар түрлі қызметтерге қоңырау шала бастаған. Бірінші болып полиция қызметкерлері көмекке келген. Тәртіп сақшылары оларды қар құрсауынан құтқарып, жылытып, тамақтандырған, көлікті қардан шығарып алған. Содан кейін Таразға дейін шығарып салған».

«Сіздердің көмектеріңіздің арқасында біз аман қалдық», - деп алғысын білдірді жолда қалып қойған әйел полицейлерге.

Қазіргі уақытта Жамбыл облысында кез келген көлік түрлері үшін барлық жол ашылды. Полиция департаменті қолайсыз ауа райы жағдайында облыс тұрғындары мен қонақтарына алыс сапардан бас тартуға, ал төтенше жағдайда дереу полицияға көмекке жүгінуге шақырады.

Бұл күндері «жедел желі» телефонына 80-нен астам қоңырау келіп түскен. Оның ішінде психологиялық көмек көрсету бойынша түскен қоңыраулар бар. Құтқару жұмыстарына медициналық қызмет, Жамбыл облысы ТЖД, «Қазавтожол» ЖШС қызметкерлері мен техника тартылды.

«Айша бибі» бекетінде медициналық жедел жәрдем бригадасы мен «Апаттар медицинасы орталығы» бригадасы кезекшілік етеді.


Соңғы жаңалықтар