Жамбыл облысында оқушылар 100% сауықтыру, демалыс шараларымен қамтылмақ

None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Биыл Жамбыл облысында оқушыларды жазғы маусымда сауықтырумен және түрлі демалыс шараларымен 100 пайыз қамту жоспарланып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жамбыл облысы бойынша қала сыртында 11 сауықтыру лагері бар. Оның төртеуі мемлекеттік, екеуі сенімгерлікке берілген, ал бесеуі жекеменшік лагерьлер.

Облыстық Білім басқармасының басшысы Мейірхан Өмірбектің айтуынша, өңірде 1-10 сыныптағы 201 046 оқушы, яғни 100 пайызы сауықтыру, демалыс шараларымен қамтылады.

«Оның ішінде 75 пайызын, яғни 174 754 оқушыны жазғы сауықтыру және демалыспен, 25 пайызын немесе 26 292 оқушыны демалыс шараларымен қамту жоспарда бар.

Осы мақсатта көпбалалы, аз қамтамасыз етілген отбасында тәрбиеленетін балалардың жазғы сауықтыру демалысына жергілікті бюджеттен 434,9 миллион теңге бөлінген. Оның 285,2 миллион теңгесі 6580 баланы қала сыртындағы лагерьге жіберуге, 149,7 миллион теңгесі 33 277 оқушыны мектеп жанындағы сауықтыру шараларымен қамтуға қарастырылған.

Бұдан бөлек, қала сыртындағы 4 мемлекеттік лагерьдің ағымдағы дайындық жұмыстарына 4 миллион теңге бөлінді.

Жалпы, биылғы жылдың ерекшелігі – балаларды демалыспен әрі сауықтырумен қамтитын жыл бойына жұмыс істейтін оқу-сауықтыру орталығын ашу бойынша дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деді Мейірхан Өмірбек.

Ал Тараз қалалық білім бөлімінің берген мәліметтеріне сүйенсек, облыс орталығындағы 20 792 бала мектеп жанындағы және қала сыртындағы сауықтыру лагерьлерінде демалады.

Айта кетейік, соңғы үш жылда оқушылар пандемиялық шектеулерге байланысты демалыс орындарына бара алған жоқ.


Соңғы жаңалықтар