Жамбыл облысында оқушы бала өзге қалаға анасын іздеп барған

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында жоғалған 13 жастағы жасөспірім табылды. Ол Шымкент қаласындағы анасына кетіп қалған. ҚазАқпарат бұл туралы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Биылғы 27 қарашада сағат 03:10-да Жамбыл облысының Жамбыл ауданында 13 жастағы жасөспірім үйінен шығып кетіп, қайтып оралмағанын бұған дейін жазған болатынбыз.

Шұғыл түрде жедел-іздестіру іс-шараларын қабылдаған полиция қызметкерлеріне еріктілер де атсалысқан.

Жоғалған баланың 16 жастағы туған ағасы інісінің Шымкент қаласында күтуші болып жұмыс істейтін анасын сағынып, жиі қоңырау шалып жүргенін айтқан.

«Баланың із-түзсіз жоғалу дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде жасөспірімнің тұрған жері анықталды. Бала Шымкент қаласына жол бойынан ұстаған көлікпен жеткен. Жүргізушіден анасының үйіне апарып тастауды өтінген. Баланың айтуынша, енгізілген карантинге байланысты ол қашықтан оқытуға көшкен. Осыған орай, оның анасы карантин кезеңінде балаларды бұрынғы күйеуінің анасына уақытша тұруға жіберуге шешім қабылдаған. Анасын қатты сағынған жасөспірім Шымкент қаласына баруға бел байлаған»,-делінген хабарламада.

Баланың Шымкентке келгенін полиция қызметкерлеріне жасөспірімнің 39 жастағы анасы хабарлаған. Болған жағдайдан оның өмірі мен денсаулығына ешқандай қауіп төнбегені атап өтілуде.


Соңғы жаңалықтар