Жамбыл облысында нан қымбаттады

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың 4 ақпанында Тараз қаласы мен аудандарда бөлке нанның бағасы 65 тен 70 теңгеге, яғни 5 теңгеге қымбаттады.

Бұл туралы облыс әкімі баспасөз қызметінің ұйымдастыруымен өткен брифингте облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Нығмашев БАҚ өкілдеріне мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Берік Нығмашев Жамбыл облысында нан бағасы 2016 жылдың 19 тамызынан бері тұрақты болғанын жеткізді.

Оның айтуынша, былтырғы жылдың 5 қазанынан бастап Тараз қаласының наубайханалары ұн бағасының көтерілуіне байланысты нан бағасын 10 теңгеге көтеру жөнінде әкімдікке бірнеше рет хат жолданған. Осыған орай облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың тікелей тапсырмасымен 2018 жылдың 19 қарашасында жұмысшы топ құрылып, ұн мен бидай нарығына талдау жүргізілген.

«Жүргізілген талдау нәтижесіне сәйкес, тұрғындардың кірісін, наубайханалардың қаржылық жағдайын, көршілес өңірлердегі нан бағасының деңгейін және тұрақтандыру қордан 100 млн. теңгеден астам күтілетін шығындарды ескере келе, ағымдағы жылдың 21 қаңтарында облыс әкімінде наубайханалардың қатысуымен өткен отырыс барысында нан бағасын 5 теңгеге көтеру жөнінде шешім қабылданды. Нан бағасын 10 теңгеге көтеру жөніндегі наубайханалардың өтініштері талданып, 5 теңгеге ғана көтеруге негізі бар екені дәлелденді. Бұл қадам наубайханалардағы өндірістік әлеуетті, сондай-ақ нанның сапасын сақтауға мүмкіндік береді»,- дейді Берік Болатұлы.

Басқарма басшысы келтірген мәліметтерге қарағанда, Тараз қаласында бөлке нанның бағасы 70 теңгеден аспайды және орта есеппен республика бойынша ең төменгі болып қала бермек. Ал, бір бөлке нанның республикадағы ең жоғарғы бағасы 94 тенге, орташа бағасы 78 теңгені құрайды. Облыстық тұрақтандыру қоры әлеуметтік дүңгіршектермен ірі сауда орындары арқылы бөлке нанды 55 теңгеден өткеруді жалғастыра бермек.

Соңғы жаңалықтар