Жамбыл облысында «Мектепке жол акциясы» басталды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Өңірде жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстың білім басқармасына сілтеме жасап.

«Өңірде ҚР Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен «Мектепке жол» дәстүрлі жалпыреспубликалық акциясы басталды. Демеушілер мен меценаттар аталмыш акцияны өткізуде үлкен қолдау мен көмек көрсетеді.  Өткен жылы аз қамтылған отбасыдан шыққан 30 мыңға жуық балаға 221 млн теңге көлемінде материалдық көмек жасалды. Биыл аталмыш акция «Бақытты балалық шақ!» ұранымен 30 қыркүйекке дейін жалғасады», - деді басқарма өкілі.

Басқармада мәлім еткендей, акцияның басты мақсаты - аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың жаңа оқу жылына дайындалуына көмек көрсету.

Акция барысында мектепке бармайтын балаларды анықтау үшін құқық қорғау органдары мен үкіметтік емес ұйымдар бірлесіп рейд өткізуді жоспарлап отыр. Тәртіп сақшылары рейдті компьютерлік клубтарда, әртүрлі ойын-сауық орындарында, сондай-ақ, саяжайлар мен базарларда, вокзалдарда жүргізетін болады. 

Аталмыш шараға үлес қосам деушілер облыс мектептеріне мектеп формасы мен оқуға қажет құрал-жабдықтарды апара алады. Көмекке зәру ата-аналар мен балалардың тізімін жергілікті мектептер белгілейді. Сондай-ақ, оқу құралдарына мұқтаж ата-аналар арнайы өтініш білдіре алады.

Облыстық білім басқармасының мәліметінше, Жамбыл облысында 2017-2018 оқу жылында 451 мектеп болған. Онда 214 мың оқушы білім алады. 

Соңғы жаңалықтар