Жамбыл облысында маслихаттың бұрынғы депутатына несиені заңсыз алып, мақсатсыз пайдаланды деген айып тағылып отыр

None
None
АСТАНА. Қарашаның 4-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Жамбыл облысында маслихаттың бұрынғы депутатына несиені заңсыз алып, мақсатсыз пайдаланды  деген  айып тағылып отыр.

 Осы жайында бүгін Астанада апталық брифингте Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жамбыл облысында облыстық маслихаттың бұрынғы депутаты М. Тазабеков пен оның туыстарынан тұрған топтың қылмыстық қызметі әшкереленді. Оларға несиені заңсыз алып, мақсатсыз пайдаланды, заңсыз жолмен алынған қаражатты заңдастырды және жалған кәсіпкерлікпен айналысты деген айыптар тағылды», деді ресми өкіл.

М. Жұманбайдың айтуынша,  М. Тазабековтің өзі құрған бірқатар жалған кәсіпорындар арқылы «Даму» қорынан жалпы көлемі  272 млн.теңгенің мемлекеттік несиелерін алып, оларды мақсатсыз пайдаланғаны тергеумен анықталды. Аталмыш ақшалай қаражат кейін қолма-қол ақшаға айналдырылып, заңдастырылған. М. Тазабеков және оның 2 сыбайласының ісі  сотқа тапсырылды. Залалды өтеу мақсатында айыпталушының құны 360 млн.теңге мүлкіне пайдалануға тыйым салынды.

«М. Тазабеков қаржы полициясы қызметкеріне қылмыстық қудалауды тоқтату үшін 3 млн. 750 мың теңге пара бергені үшін 5 жыл бас бостандығынан айыруға жауапқа тартылды», деді ресми өкіл.

Соңғы жаңалықтар