Жамбыл облысында қызғалдақ гүлдеді

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысының оңтүстігінде қызғалдақ бүр жарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жылынған күннің шұғыласынан нәр алып алғаш бой көтерген сирек кездесетін сары күлтелі эндемик Колпаковский қызғалдағы болды. Оның ізін ала Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген ақшыл-қызғылт түсті Грейг қызғалдағы гүлдеді.

Жамбыл облысының аумағында қызғалдақтың небір таңғажайып түрлері кездеседі. Қызыл кітапқа енгізілген Кауфман және Грейг қызғалдақтарынан тыс, Зинаида, Борщов, Островский, Регель, Альберт сияқты өзге де эндемиктер өседі.

Жуалы ауданының Берікқара шатқалының өзінде қызғалдақтың сирек кездесетін 5 түрі өседі. Берікқара шатқалы ресми түрде қызғалдақтың әлемдік отаны деп саналады. Бүгінде күллі әлемге қызғалдақ экспорттайтын Голландияға қызғалдақ ең алғаш дәл осы жерден барған деседі.

Берікқара шатқалы тек Жамбыл облысы ғана емес, бүкіл республикадағы бірегей мекен. Мұнда табиғаттың аса сирек байлығы мен ежелгі дүние тарихының ескерткіштері сақталып отыр.

Мұндағы шағын табиғи қорықта әлемде бірден-бір Берікқара терегі нуы мен соғды дәуірінің шағанды нуы бар. Шатқалды жойылудың аз-ақ алдында тұрған Қаратау арқары, үнді жайрасы, жұмақ шыбыншысы құсы мекендейді.

«Қызғалдақ Жамбыл облысының туристік бренді болуы тиіс. Қазақстанның жабайы қызғалдақтары біз әлі қадірін білмей отырған ұлттық байлығымыз. Қазақстанда 35 түрлі қызғалдақтардың 18-і Қызыл кітапқа енгізілген, олардың таралу аймағы да ұдайы қысқарып барады. Мұның басты себебі - адамдардың табиғатқа деген аяусыздығы. Біздің елде қызғалдақтың сирек кездесетін түрлерінің сабағын да, баданасын да жұлуға тыйым салынған, сонда да адамдар бір сәттік қызығы үшін гүлдерді жұлып, қурап қалған соң қоқысқа тастайды. Гүлдердің жабайы түрлері негізінен табиғи жолмен ұрықтану арқылы көбейеді. Жұлынған бір гүлдің орны толуы үшін көп жылдар қажет. Азаматтар осыны түсінуге тиіс», - дейді жамбылдық биолог Ирина Прозорова.

Ғалымның айтуынша, Грейг қызғалдағы алғаш рет Қаратаудан табылып, оның сипаттамасын А. Регель жазыпты. Қызғалдақтың осы түрі ХІХ ғасырдан бері селекция саласында кеңінен пайдаланылады. Одан алынған 200-ден астам элиталық сұрып бүгінде Еуропаның көптеген ботаникалық бақтарының сәнін кіргізіп тұр.

«Алайда табиғатта оларды табу өте қиын. Грейг қызғалдағы Ақсу-Жабағылы қорығында, Берікқара шағын қорығында, Түркістан облысындағы арнаулы шағын қорықта мемлекет қорғауына алынған. Ал Борщов қызғалдағы Байқоңырдан табылған әрі сол қаланың символы», - дейді Ирина Прозорова.

Автор: Галина Скрипник

Соңғы жаңалықтар