+7 (701) 759 90 19
USD 413.12 EUR 452.86
RUB 5.82 CNY 57.92
Jańalyqtar

Жамбыл облысында қылмыс деңгейі үш есе төмендеді

2020 жылғы 21 мамыр 16:01
Бөлісіңіз:
Жамбыл облысында қылмыс деңгейі үш есе төмендеді

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Облыстық әкімдікте құқықтық тәртіп пен қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің бірлескен отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат өңір басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың және облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіровтің төрағалығымен құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері жөніндегі комиссияның және заңдылықты, құқықтық тәртіп пен қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің бірлескен отырысы өтті. Оған облыстың құқық қорғау және мемлекеттік органдарының бірінші басшылары қатысты.

Полиция департаменті басшысының орынбасары Темірбек Оразымбетовтің айтуынша, биыл аймақта қылмыс деңгейі айтарлықтай төмендеген.

Ағымдағы жылдың алғашқы төрт айының қорытындысы бойынша құқық бұзушылықтар саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 33 пайызға кеміген, соның ішінде ұрлық, тонау және зорлау көрсеткіші азайған. Сондай-ақ жол-көлік оқиғалары, одан зардап шегуішілердің саны да төмендеген. Бұған белгілі бір дәрежеде алдын алу және құқық бұзушыларға әкімшілік шаралар қолдану әрекеттері өз ықпалын тигізді. Әсіресе, ұрлық фактілерін ашуға ерекше назар аударылуда. Соңғы уақытта қылмыстың бұл түрін ашу оң жолға қойыла бастады. Айталық, жедел алдын алу шаралары барысында полиция қызметкерлері телефон кабельдерін ұрлаумен айналысып келген қылмыстық топты анықтаған.

2019 жылы мал ұрлығымен айналысып келген 15 қылмыстық топтың жолы кесіліп, 500 - ден астам мал иелеріне қайтарылды. Ал ағымдағы жылдың 4 айында ұрлыққа қатысты 10 қылмыстық топ анықталған. Сондай-ақ, полицейлер кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға ерекше ден қоюда.

Сонымен қатар, жиында жалпы оң көрсеткіштермен бірге облыс аумағында қоғамдық резонанс тудырған аса ауыр қылмыстардың да орын алғандығы атап өтілді. Бұл құқық қорғау органдарының құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша қабылдаған шаралары қойылған талаптарға толық көлемде жауап беріп отырмағандығын көрсетеді. Мемлекеттік органдар арасында өзара байланыс жоқ, құқық бұзушылықтың себептері мен салдарына терең талдаулар жасалмайды.

Облыс әкімінің айтуынша, полиция қызметіндегі бірқатар маңызды бағыттар бойынша жұмыстар жүйеленбеген. Олардың үкіметтік емес ұйымдармен, оқу орындарының әкімшілігімен және ата-аналар комитеттерімен тығыз байланыс орнатылмаған. Осы орайда кәмелетке толмағандарға қарсы жасалған қылмыстар мен жастар арасындағы құқық бұзушылықтар ойға еріксіз оралады.

- Біздің жұмысымыздың басым бағыттарының бірі – адамдардың қауіпсіздігі. Бұл аса маңызды, оған ұсақ-түйек ретінде қарауға болмайды. Өкінішке орай, құқық қорғау органдарының жұмысында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі бірқатар ұстанымдар бойынша елеулі кемшіліктер бар. Олардың кейбір тиісті бөлімшелері өз міндеттерін орындай алмай отыр. Мәселен, ювеналды полиция, мектеп инспекторларының жұмысы тиісті деңгейде ұйымдастырылмаған. Өзінің күнделікті қызметінде құқық қорғау органдары көмекке үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамның белсенді өкілдерін тарта отырып, әрекет ету керек. Әйтпесе, әрбір үйдің тұсына полиция қызметкерлерін қойып қою мүмкін емес. Осындай өзара ынтымақтастық аясында жұмыс жасау қалалар мен ауылдардың мәдени және эстетикалық келбетіне нұқсан келтіретін ұрылар мен қылмыскерлерді анықтауда да оң нәтиже берер еді, - деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.

Сондай-ақ, аймақ басшысы жол қауіпсіздігі мәселесіне де кеңінен тоқталды. Бұл тұрғыда да кемшіліктер жоқ емес десек, оның басым бөлігі қалалық билік пен жергілікті полиция қызметі тарапынан орын алып отыр. Полиция жол ережелерін бұзудың барынша алдын алу керек, әсіресе жолдың жүру бөлігіндегі көлік тұрақтарын реттеу маңызды. Соның салдарынан үлкен елді мекендердің көшелерінде көлік оқиғалары жиі орын алуда. Көлік қозғалысы қауіпсіздігінің негізгі шарттарының бірі – жол белгілері мен бағдаршамдардың дұрыс орналасуы екендігі айтпасақ та түсінікті.
Басқосуда «Тараз – Қауіпсіз қала» бағдарламасы бойынша профилактикалық іс-шаралар жоспарының және облыс орталығындағы қылмыс деңгейін төмендету мақсатында облыс прокуратурасымен әзірлеген «Taraz city» мобильді қосымшасының жобасы талқыланды. Олар «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде тұрғындардың өз шағымдары мен сұрақтарына дер кезінде жауап алуына, қала өміріне белсенді қатысуына мүмкіндік бермек.

Өкінішке орай, Тараз қаласындағы қылмыстық ахуал әлі күрделі күйінде қалып отыр.
Қала прокуроры Жамбыл Сматовтың мәлімдеуінше, 2019 жылы облыс аумағында жасалған әрбір 10 қылмыстың 6-ы Таразға тиесілі. Соған сәйкес, қылмыс салдарынан келтірілген залалдың 70 пайызы облыс орталығына қатысты. 2019 жылдың қорытындысы бойынша 2435 қала тұрғыны қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс және есірткі қылмысы бойынша Тараз республиканың басқа қалалары арасында алдыңғы қатарда. Қаланың 7 мыңға жуық тұрғыны маскүнемдер мен нашақорлар ретінде арнайы тіркеуге алынған.

«Тараз - қауіпсіз қала» жобасын әзірлеушілер оны іске асыру қаладағы моральдық-адамгершілік ахуалды жақсартып, қылмыстық көріністерді барынша азайтуға көмектеседі деп есептейді. Отырысқа қатысушылар ұсынылған жобаны құптады.

Өз кезегінде облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров барлық құқық қорғау, арнайы және мемлекеттік органдар шектеу шаралары кезінде заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз етуге және күнделікті тіршілікті қалыптастырудың келесі кезеңдеріне бағытталуы тиіс екендігін атап өтті. Сондай-ақ, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау, пандемия салдарына қарсы күреске бөлінген бюджет қаражатын тиімді игеру, халықтың әлеуметтік осал топтарына көмек көрсету және экономиканы көтеру үшін бизнес-секторды қолдау мәселелері басымдық ие болып отыр.

Жиынды қорытындылай келе облыс әкімі жастарды қоғамдық пайдалы іс-шараларға белсенді түрде тарту керектігін тілге тиек етті. Бұл орайда студенттік құрылыс жасақтары мен халықтың ерікті топтарына айрықша көңіл бөлудің маңыздылығы айтылды. Жастар қарап отырмауы тиіс. Осы ретте көптеген мәдени және спорттық нысандар олардың игілігіне жарауы қажет.

«Біз жастардың салауатты өмір салтын ұстануын, білімге ұмтылуын, өзедерінің біліктілігі мен мәдениеттілігін арттыруын, қылмыстық әрекеттерге немесе жаман әдеттерге бой ұрмауын қамтамасыз етуіміз керек», - деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:
Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Ербол Жанат
Ербол Жанат
954-059
REDAKTOR
Айдар Оспаналиев
Айдар Оспаналиев
954-059
REDAKTOR
Жанат Қапалбаева
Жанат Қапалбаева
954-059

MURAǴAT