Жамбыл облысында коронавирусқа қарсы вакцина шығарылады — Мамин зауыттың іргетасын қалады

None
None
ҚОРДАЙ. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Жамбыл облысы Қордай ауданының Гвардейский кентінде ҚР БҒМ Ғылым комитетінің Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институты (ҒЗИ) жанындағы вакцина шығаратын биофармацевтикалық зауыттың құрылысын бастап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Зауыт тиісті өндірістік тәжірибенің (GMP) халықаралық стандарты бойынша иммунобиологиялық дәрі-дәрмектер, оның ішінде коронавирус инфекциясына қарсы вакцина шығаратын болады. Қазіргі таңда Қазақстан ҒЗИ-ның COVID-19-ға қарсы кандидаттық вакцинасы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының тізіміне енгізілген және клиникаға дейінгі сынақтан сәтті өтіп жатыр.

Сондай-ақ кәсіпорында пандемиялық тұмауға, туберкулезге, бруцеллезге, нодулярлық дерматитке, күйіс қайыратын ұсақ жануарлар обасына, қой мен ешкінің контагиозды эктимасына, қойдың шешек ауруына, құтырмаға және басқа да жұқпалы ауруларға қарсы вакциналар шығарылады.

Құрылыс жұмыстарын биыл желтоқсан айында аяқтау және жыл сайын биофармацевтикалық препараттардың 60 млн дозасына дейін өндіру көзделген.

ҚР БҒМ Ғылым комитетінің Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ҒЗИ 1958 жылы КСРО-ның 6 ірі вирусологиялық институтының бірі ретінде құрылды. Штат 214 ғылыми қызметкер мен жетекші вирусолог-ғалымдардан (академиктер, докторлар және ғылым кандидаттары, PhD) құралған. Қауіпті инфекциялармен жұмыс істеуге арналған 13 зертхананы қамтиды.

ҒЗИ ауыл шаруашылығына және денсаулық сақтау жүйесіне арналған вакциналар әзірлейді, иммундық-биологиялық препараттар шығарады, биологиялық қауіпсіздік қатері саласында зерттеулер жүргізеді, қауіпті және аса қауіпті ауруларды диагностикалау бойынша тест жүйелерін әзірлейді, вирустар мен микроорганизмдердің қауіпті және аса қауіпті штаммдарының депозитарийі саналады.

Осы уақытқа дейін ҒЗИ 5 зертхана базасында отандық вакциналардың 67 түрін өндірді. Оның ішінде, денсаулық сақтау саласы үшін жоғары патогенді құс тұмауына қарсы (әлемде 7) және жоғары патогенді шошқа тұмауына қарсы (әлемде 6), ауыл шаруашылығы саласы үшін құс тұмауына қарсы (әлемде алғашқылардың бірі), бруцеллезге қарсы жаңа векторлық вакцина (әлемдік аналогтардан асып түседі). Осы жылы аусылға қарсы вакцина және СОVID-19-ға қарсы 4 вакцина әзірленуде.

ҒЗИ шетелге вакциналар жеткізуші ретінде Кеден одағының тізіліміне енгізілген, Ислам ынтымақтастығы ұйымына мүше мемлекеттердің вакциналарды өндірушілер тобына кіреді.

Еске салайық, Жамбыл облысының Қордай ауданындағы ҚР БҒМ Ғылым комитетін е қарасты Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институты және «Ұлттық биотехнология орталығы» РМК коронавирусқа қарсы вакцина жасауды қолға алған болатын.

Қордайдағы институт Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен, АҚШ аурулардың алдын алу және бақылау орталығымен, Халықаралық Вена университетімен және басқа да беделді ұйымдармен тығыз байланыста жұмыс істейді.

Өткен мамыр айының ортасында Қазақстан COVID-19 вирусына қарсы вакцина әзірлеуші елдер қатарына ресми түрде қосылғаны және отандық ғалымдар әзірлеген вакцина клиникаға дейінгі сынақтан өте бастағаны хабарланды.



Соңғы жаңалықтар