Жамбыл облысында коронавирусқа қарсы күресті қолдау қоры құрылды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев аймақтың ірі кәсіпорындарының басшыларымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде коронавирустық инфекцияның таралуына қарсы әрекет ету бойынша нақты шаралар қабылданды. Облыста жағдай тұрақты, ауру фактілері тіркелген жоқ. Мобильді топтар қоғамдық орындарда санитарлық нормалардың сақталуын бақылап, азық-түлік тауарларының бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу бойынша шаралар қабылдануда. Біздің басты міндетіміз – өңірдегі тұрақтылықты қамтамасыз ету», - деді облыс әкімі компания басшыларымен кездесуінде.

Бердібек Сапарбаев кәсіпорын басшыларына жұмыс орындарын босатпауға және жалақы деңгейінің қысқаруына жол бермеуге, еңбек заңнамасының қатаң сақталуын, сондай-ақ өз міндеттемелерін орындай отырып, қызметкерлер алдындағы әлеуметтік жауапкершіліктерін сезінуге шақырды.

Аймақ басшысы Елбасының тапсырмасы бойынша облыста коронавирусқа қарсы күресті қолдау қоры құрылғанын, онда көмек көрсетуге ниет білдірген адамдардың қаражаты жинақталатынын атап өтті.

«Өткен жылы ел тұрғындары бірігіп, қысқа мерзім ішінде Арыс қаласы толығымен қалпына келтірілді. Осындай қиын уақытта біз бейғамдық танытпай, әсіресе Астана мен Алматы қалаларының тұрғындарына қолдау көрсетуіміз керек», - деп атап өтті облыс әкімі.

Сондай-ақ, Бердібек Сапарбаев аз қамтамасыз етілген, көп балалы, мүгедек және басқа да көмекке мұқтаж отбасыларға айрықша көңіл бөлуге шақырды.

Басқосуға қатысқан кәсіпорын басшылары Елбасының үндеуін қолдауға дайын екендіктерін білдірді. Айталық, 6,2 мың адам жұмыс жасайтын «Қазфосфат» ЖШС-де жұмыс орындарын босату көзделмеген.

«Барлық қызметкерлер өз орнында. Жаңа жылдан бастап жалақы 10 пайызға көтерілді. Бүгінде орташа жалақы – 165 мың теңгені құрайды. Өз өндірісіміздің өнімдерін пайдалана отырып, санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың сақталуын қамтамасыз етудеміз. Қызметтік бөлмелерге, жатақханаларға және автокөліктерге дезинфекция жүргізілуде. Ұжым ішінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Мұқтаж отбасыларға көмектесуге барынша тырысудамыз», - деп атап өтті компания директоры Мұқаш Ескендіров.

Айта кетейік, бүгінде өңірде 22 ірі және 48 орта кәсіпорын жұмыс істейді. Онда 113 мың адам еңбек етуде. Кәсіпорындардың 91 пайызымен әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету және қызметкерлердің босауына жол бермеу бойынша меморандумдар жасалды. Қазіргі уақытта жұмыс орындарын қысқарту орын алып отырған жоқ.



Соңғы жаңалықтар