Жамбыл облысында көрерменсіз республикалық ақындар айтысы өтті

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысы Талас ауданында қазақ айтысының қарлығашы Ұлбике Жангелдіқызының туылғанына 195 жыл толуына орай республикалық ақындар айтысы өтті, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айтысқа ҚР Мәдениет қайраткері Әлібек Әмзеұлы, Қазақстан жазушылар одағының мүшелері, ақындар Үміт Битенова, Шырын Мамасерікова, Қайырбек Асанов, Халықаралық «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілері» одағының Жамбыл облысы филиалы төрағасы Ахметжан Өзбеков, айтыскер ақын Күміскүл Сәрсенбаева, жазушы Сабырғали Рысбаев және тәуелсіз сарапшы ретінде белгілі ақан Айтмұхамбет Исақов қазылық етті.

Жиырмаға жуық ақын қатысып, көрерменсіз өткен айтыс нәтижесінде бас жүлдені Байзақ ауданының тумасы Алтынкүл Қасымбекова жеңіп алды. Ал жүлделі бірінші орынды Түркістан облысының ақыны Бекарыс Шойбеков иеленді. Байзақ ауданының тағы бір жас ақыны Дархан Әбдіманап пен Қызылорда облысының ақыны Ержеңіс Әбдиев екінші орынды еншілесе, үшінші орынды Таластық Нұржан Манатпек, Шымкенттік Нұрлан Есенқұлов және Байзақтық Рай Дөңбай қанжығалады.


Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының арнайы тағайындаған жүлдесі Мойынқұмдық жыр жүйрігі Ғабит Есдәулетовке бұйырды. Ал, Облыстық халық шығармашылығының арнайы жүлдесі Дидар Апбасовқа табыс етілді.

Айта кету керек, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған айтыс карантин талаптары сақтала отырып, көрерменсіз, тек қазылар алқасының қатысуымен онлайн жүйеде өтті.


Соңғы жаңалықтар