Жамбыл облысында қаңтарда ұсталған күдіктіні полиция азаптамаған - Бас прокуратура

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында азаптау шағымдары бойынша тексеру жүргізілді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Бас прокуратурасы 1-қызмет басшысының орынбасары Елдос Қилымжанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тергеу барысында азаматтардың құқықтарының сақталуына және заңдылықты қамтамасыз етуге ерекше назар аударылып отыр. Тергеудің рұқсат етілмеген әдістерін қолдану фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр. Тергеу нәтижесі кейбір арыз иелерінің азаптау туралы шағымды қорғану мақсатында және оған қатысты дәлелдемелерді жол берілмейтін деп тану үшін қолданатынын көрсетті. Мысалы, Жамбыл облысында 5 қаңтарда Б. есімді азамат бір топ адаммен бірге мемлекеттік объектілерді өртеген, одан кейін полиция департаментінен Калашников автоматын, Макаров тапаншасын, 2 аңшылық қаруды және 3 травматикалық тапаншаны жымқырған», - деді Е. Қилымжанов.

Оның айтуынша, күдіктінің бұл қылмыстарға қатысы бары бейнекамера жазбаларымен, куәгерлердің жауабы және істің басқа да материалдарымен расталған.

«Ұсталғаннан кейін одан полиция қызметкерлері тарапынан азаптау жасалғаны туралы арыз түсті. Бұл факті бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі тәуелсіз адвокаттың қатысуымен тергеу жүргізді. Ыстанбұл хаттамасы сияқты азаптауларға қарсы адам құқықтарын қорғау жөніндегі халықаралық стандарттарға сәйкес, психологиялық-психиатриялық сараптама жасалды. Мамандар жәбірленушінің психоэмоционалды жағдайын толық зерттеді, оның нәтижесі бойынша тергеу органдары тарапынан оған қандай да бір психологиялық қысым көрсетілмегені жарияланды. Нәтижесінде іс қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылды», - деп түсіндірді Бас прокуратура өкілі.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Қаңтар оқиғасы бойынша тергеу органдарының іс жүргізуінде 5 041 қылмыстық іс бар.


Соңғы жаңалықтар