Жамбыл облысында ірі жол апатынан 11 адам қаза болды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысында «Алматы-Ташкент» автожолының бойында ірі жол апаты болып, 11 адам көз жұмды. Тағы 5 адам ота үстелінде, ал 3 адам жан сақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқыс оқиға туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

"20 сәуір күні таңғы 04:15-те «Алматы-Ташкент» автожолының 181-шақырымында Toyotа Camri жеңіл автокөлігі осы бағытта жүріп бара жатқан Mersedes-Bens 814 жүк көлігінің артына соғылған. Апат салдарынан жеңіл көлікте отырған әйел оқиға орнында көз жұмды. Сол сәтте Шымкент қаласынан Алматы қаласына бет алған Van Hool автобусы апатқа ұшыраған көлікті айналып өтпек болып, аударылып қалды. Автобустағы 46 жолаушының 8-і оқиға орнында қаза болды. 46 азаматтың 44-і Өзбекстан азаматтары, 2-еуі - қазақстандық",-делінген мәлімдемеде.

Мәліметке сай, оқиға орнына жедел түрде Қордай ауданының әкімі, жедел жәрдем, төтенше жағдай қызметтері жетіп, зардап шеккендерді Отар, Қордайдағы ауруханаларға жеткізді.

Апатқа ұшырағандардың 2-еуі ауруханаға жетпей көз жұмғаны белгілі болды. Жалпы, апат салдарынан 11 адам қаза тапты. Сондай-ақ, 5 адам ота үстелінде, ал 3 адам жан сақтау бөлімінде жатыр.

null

Қазіргі таңда жарақат алған басқа жолаушыларға тиісті көмек көрсетілуде. Зардап шеккендерге жедел көмек көрсету үшін облыстық денсаулық басқармасының басшысы М. Жұманқұлов бастаған 3 оташы-дәрігер тікұшақпен Қордай ауданына жеткізілді.

Айта кету керек, орын алған оқиғаға қатысты шұғыл арнайы комиссия құрылды. Оның құрамында облыс әкімінің бірінші орынбасары Б.Орынбеков, облыстық полиция департаментінің бастығы А.Оразалиев, басқа да тиісті лауазым иелері бар. Комиссия оқиғаның орнына барып, жол-көлік оқиғасының мән-жайын анықтап, зардап шеккендерге сапалы көмек көрсетуді ұйымдастыруда. Сонымен бірге оқиға орнына облыс прокуроры Ж.Құсайынов та шұғыл жетті.
null

Апатқа қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-тармағына сай қылмыстық іс қозғалды.

Соңғы жаңалықтар