USD 435.1 EUR 493.27
RUB 5.69 CNY 68.63
Jańalyqtar

Жамбыл облысында халыққа қауіп төндіретін 14 су қоймасы бар

2021 жылғы 18 қаңтар 22:56
Бөлісіңіз:
Жамбыл облысында халыққа қауіп төндіретін 14 су қоймасы бар

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысы аумағында халыққа қауіп төндіретін 14 су қоймасы бар. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Ермек Момбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жалпы облыс бойынша бірнеше елді мекенге қауіпті саналатын су қоймаларының саны 14-ті құрайды. Олардың негізгілері - «Теріс-Ащыбұлақ», «Тасөткел», «Қақпатас», «Ақкөл», «Ынталы», «Қарақоңыз» және Қырғызстандағы «Киров» су қоймасы.

Аталған су қоймаларының бөгеттері бұзылған жағдайда 234 мыңнан астам тұрғыны бар 72 елді мекенді су басуы мүмкін.

Ермек Момбаевтың айтуынша, табиғаттың тосын мінез танытуынан болатын тасқындар мен еріген қар сулары кесірінен тағы 38 елді мекенді су басуы мүмкін.

Су басуға себеп ретінде Шу, Талас, және Аса өзендерінің арнасынан асуы яғни су деңгейінің көтерілуі болмақ.

Ал, тау бөктеріндегі елді мекендерге еріген қар мен жаңбыр сулары қауіп төндірмек.

«Су тасқыны қауіпін азайту мақсатында «Су тасқыны қатерлерінің алдын алу және жою жөніндегі 2017-2020 жылдарға арналған шаралар кешені» жол картасы бекітілген. Ол бойынша облыстағы елді мекендерді су тасқынынан және еріген сулардан қорғау үшін 26 учаскеде жағалауды қорғау жұмыстарын жүргізу жоспарланды»,-деді спикер.

Бұл бағытта бөлінген қаржы да қомақты. Мәселен, 7,442 млрд теңгеге 3 нысан республикалық бюджет есебінен жөнделсе, қалған 30 нысанға 356 млн теңге жергілікті бюджеттен жұмсалған.

Айта кетейік, аймақта соңғы 5 жылда су тасқыны мен жерасты суының көтерілуіне байланысты 7 оқиға тіркелген.

Салдарынан Қордай, Жамбыл, Т.Рысқұлов аудандарында 104 тұрғын үй ауласы, 25 тұрғын үй ғимараты су астында қалған болатын.

Ал биылғы жылдың 12 қаңтар күні Майтөбе ауылында еріген қар суынан тасқын болды.

«Тараз-Қаратау» облыстық маңызы бар автожолдың 75 шақырымында болған оқыс оқиға елді-мекенге қорқатындай қауіп төндірген жоқ. Оқиғаның салдары жойылды.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Сая Сембай

Сондай-ақ... оқыңыз
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Кожакелдиев Е.
Кожакелдиев Е.
954-059

MURAǴAT