Жамбыл облысында екі жыл бұрын жанармай бекетін тонаған тұрғын ұсталды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысының тәртіп сақшылары 2017 жылы жасалған қарақшылық шабуылды жасаған азаматты қолға түсірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жамбыл облыстық Полиция департаментінің хабарлауынша, 2017 жылдың қарашасында Байзақ ауданының жанармай құю бекетінің операторына қарулы қарақшылық шабуыл жасалған. Шабуылды ұйымдастырғандар 110 мың теңгені алып, көзден таса болған.

«Осы уақыт аралығында жедел-іздестіру шаралары жүргізілді»,-деп хабарлады Жамбыл облыстық Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Гүлсара Мұхтарқұлова.

Оның айтуынша, осы оқиға бойынша көптеген айғақтар мен материалдар жиналып, қылмыстық әрекетті Байзақ ауданы Сарыкемер ауылының тұрғыны жасауы мүмкін деген күдік туды.

«Ол өз кінәсін толық мойындап, Тараз қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Шабуылға қатысқан өзге адамдарға қатысты тексеру амалдары жүріп жатыр. Өкінішке қарай бұл өңірде жанармай бекетіне жасалған шабуылдардың алғашқысы емес»,-деді баспасөз хатшысы.

Оның айтуынша, аталған факті бойынша, ҚР ҚК-нің 192 бабы, 2 бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды.

Соңғы жаңалықтар