Жамбыл облысында екі жасырын ойын залы анықталды

None
None
ШУ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының Шу ауданында ойынға тәуелділігі байқалған азаматтардың ауыр қылмыс жасауына байланысты ауданаралық прокуратура заңсыз ойын бизнесінің жолын кесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, ауданда қойма меңгерушісі 8 миллион теңгені жымқырып, ол үшін 4 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Зерттеу барысында анықталғандай, ол 5-6 күннің ішінде букмекерлік кеңседе ұтылып, соңғы ақшасынан айырылған. Осыған ұқсас жағдай мал шаруашылығы қызметкерінің де басынан өткен. Ол букмекерлік кеңседе бөтен адамның 5 миллион теңгесін жұмсаған.

«Прокурор алдын ала мемлекеттік кірістер басқармасында ауданда тіркелген букмекер кеңсесінің тек біреу ғана екенін анықтап, уәкілетті органдармен бірлесіп жедел іздестіру шараларын жүргізді. Нәтижесінде дүкенде және қонақ үйде заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырудың екі фактісі анықталды. Онда 15 компьютер мен 13 процессор тәркіленді. Күдіктілер ҚК 307-бабының 1-бөлігімен заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғаны үшін айыпталды. Іс сотқа жолданды» делінген облыс прокуратурасының хабарламасында.

Айта кету керек, жыл басынан бері облыс бойынша заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырудың 11 фактісі тіркелген. Оның ішінде 10 іс сотқа жолданып, 2 азамат түрлі жазаға тартылған.

Соңғы жаңалықтар