Жамбыл облысында екі ауылға көгілдір отын кірді

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысы Байзақ ауданының Шахан және Сарыбарақ ауылдарына газ тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тұрғындарды аудан әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил арнайы барып құттықтады.

«Аудандағы 43 елді мекен бар десек, бүгінде газдандырылған ауылдар қатарына Сарыбарақ ауылы 38-інші, Шахан ауылы 39-ыншы ауыл болып кірсе, жуық арада Үшбұлақ 40-ыншы және Қайнар 41-інші болып қосылады. Сонымен келесі жылы екі елді мекен – Ақшолақ пен Төрткөл ауылы газдандырылып, аудан бойынша көгілдір отынмен толық қамтамасыз етуге қол жеткізіледі», - деген Қайрат Әбілханұлы ауыл халқын қуанышты сәттерімен құттықтады.


Ауылдық округ ардагерлер кеңесінің төрағасы Елемес Есімов айтулы шараға атсалысып, қолдау көрсеткен облыс және аудан басшылығына, газ құбырын жүргізу ісінде белсенділік танытқан азаматтарға ауыл тұрғындары атынан шынайы алғысын білдірді. Бұған қоса, қуанышты сәтте жүрекжарды лебіздерін арнаған аналар қауымы да ризашылықтарын айтып, газ желісін тарту ісінде ілкімділік танытқан азаматтарға қазақы дәстүрмен иықтарына шапан жапты. Газ алауы салтанатты түрде тұтатылып, әжелер шашу шашты. Ауыл тұрғындарына газ учаскесі тарапынан «Газ және оны пайдалану ережелері» тақырыбында жаднамалар таратылды.


Айта кетейік, көгілдір отынның келуі бұған дейін от жағып, күл шығарған ауыл тұрғындарының бейнетін азайтпақ. Қазіргі өзінде Сарыбарақ елді мекеніндегі 84 ауланың 61-і, Шахан елді мекеніндегі 93 ауланың 43-і көгілдір отынға қосылып үлгерген. Ал қалған аулалар жыл соңына дейін көгілдір отынға қосылмақ.


Соңғы жаңалықтар