Жамбыл облысында БҰҰ мандаты бойынша «ҚазҮнді-2021» оқу-жаттығуы өтіп жатыр

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысындағы «Айша-Бибі» оқу-жаттығу полигонында Қазақстан мен Үндістан әскери қызметшілері арасында «ҚазҮнді-2021» бірлескен оқу-жаттығуы өтуде. Бұл туралы ҚазАқпарат ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз зызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Оған Қазақстаннан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының бөлімшелері және Үндістанның құрама ротаға біріктірілген әскери контингенті қатысуда.

Бірінші кезеңде жеке құрам жауынгерлік даярлықтың жоғары деңгейіне келтіру іс-қимылдарын пысықтады. Халықаралық бөлімшелердің әскери қызметшілері дағдарыс ауданына марш жасады. Қазіргі уақытта межелі жерде роталық тактикалық құрама топ бөлімшелерді жауынгерлік үйлестіруді орындады.

Оқу-жаттығу шеңберінде қосымша бөлімшенің әскери қызметшілері барлау-іздестіру және рейдтік іс-қимылдар жүргізеді. Оқу-жаттығудың соңғы кезеңінде БҰҰ-ның мандатына сәйкес дағдарыс аймағында заңсыз қаруланған топтарды оқшаулау және жою жоспарланған.

«ҚазҮнді-2021» бірлескен оқу-жаттығуы Қазақстан мен Үндістан қорғаныс министрліктері арасындағы екіжақты ынтымақтастық жоспары шеңберінде өткізілуде. Ол ағымдағы жылдың 10 қыркүйегінде аяқталады.

Оқу-жаттығу санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың қатаң сақталуы арқылы өтуде. Оған қатысушылар барлық қажетті карантиндік іс-шаралардан, медициналық тексерістен өтіп, ПТР-тест тапсырды.


Соңғы жаңалықтар