Жамбыл облысында браконьерлер Қызыл кітапқа енген арқарды аулаған

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында Қызыл кітапқа енген арқарларды өлтіру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жамбыл облысы полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы және табиғат қорғау полициясының қызметкерлері Қордай АПБ-мен бірге Қызыл кітапқа енген арқарды өлтірген Алматы қаласының 3 тұрғынын және Қордай ауданының бір тұрғынын қолға түсірді. Бұл туралы ПД баспасөз қызметі хабарлады.

«Киік» жедел-алдын алу іс-шарасын жүргізу барысында «Охотозоопром» РМК инспекторларымен бірлесіп республикалық маңызы бар Жусандала ерекше қорғалуға жататын аумағының «Бабасай» таулы жер учаскесінде Nissan-Patrol және UAZ-3163 маркалы 2 автокөлік тоқтатылған. 46 және 57 жастағы екі жүргізушімен, сондай-ақ 43 және 53 жастағы жолаушылармен жүргізілген сауалнама барысында олардың жоғарыда аталған қорық аймағына заңсыз аң аулау мақсатында келгені анықталды» делінген хабарламада.

Тексеру барысында ұсталған автокөліктердің бірінің салонынан қара түсті полимерлік қаптамаға салынған арқардың еті табылып, тәркіленді.

Ұсталғандар кінәсін мойындап, олардан айғақ зат ретінде қылмыс құралына айналған 4 тіркелген кесік мылтық алынды.

Аталған факті бойынша ҚР ҚК 337-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.

«Сонымен қатар, оқиға орнынан 2,5 км қашықтықтан аңның басы, ішкі мүшелері, терісі мен аяқ-қолдары табылып, тәркіленді. Қазіргі уақытта іс бойынша жоғарыда аталған тұлғалардың Қызыл кітапқа енген арқарды заңсыз аулауының мән-жайларын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізілуде. Сот-биологиялық сараптаманың қорытындысына сәйкес браконьерлер мемлекетке 12 миллион теңге көлемінде залал келтірген» дейді полиция.


Соңғы жаңалықтар