Жамбыл облысында биыл 258 төтенше жағдай орын алды

Фото:
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Биыл 4 ай ішінде еліміз бойынша 4 мыңға жуық төтенше жағдай тіркелсе, оның шамамен 7 пайызы, яғни, 258-і Жамбыл облысына тиесілі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрінің міндетін атқарушы Ибрагим Күлшімбаев облысқа жасаған сапарында халықпен кездесу барысында айтты.

«Жамбыл облысының төтенше жағдайлар департаменті 400 мыңнан астам тұрғын үйді аралады. Бұл ретте көпбалалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға баса назар аударылды. Төрт мыңнан астам үйге өрт датчиктері орнатылды. «ҚазТрансГаз Аймақ» өкілдерімен бірлесіп тұрғын үйлерді аралап, газ аппаратурасы тексерілді, тұрғындарға түсініктемелер берілді», – деді министр.

Жалпы, өңірде 20 өртке қарсы бөлімше, 15 өрт сөндіру бекеті бар. Жыл соңына дейін Қаракемер, Майтөбе, Өрнек ауылдарында 3 бекет құру жоспарланған. Сондай-ақ, жыл басынан бері республика бойынша 136 орман өрті тіркелсе, облыс аумағында табиғи өрт тіркелмеген.

Министрдің айтуынша, облыс аумағының көп бөлігі немесе 10 ауданның 8-і жер сілкінісіне бейім. Облыстағы соңғы жойқын жер сілкінісі Т.Рысқұлов ауданында 2003 жылы тіркелген. Наурыз айында Тараз қаласында екі балдық дүмпулер тіркелді. Ел бойынша 68 сейсмостанса жұмыс істесе, оның төртеуі Әулиеата өңірінде. Биыл қосымша тағы 5 сейсмостанса орнатылады.

Халық алдында есеп беріп, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен сұхбаттасқан Ибрагим Күлшімбаев Тараз қаласындағы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аумағында азаматтық қорғау органдарының қаза тапқан қызметкерлерінің ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Осы бөлімнің аумағында ұйымдастырылған техника мен түрлі өрт сөндіру-құтқару жарақтарының көрмесін тамашалап, №20 өрт сөндіру бөлімінің салтанатты түрде ашылуына қатысты.

Бұған дейін Меркі ауданында демалыс аймағындағы өрт сөндірілгенін хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар