Жамбыл облысында биыл 17 млн ағаш отырғызылмақ

None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысында биыл 17 миллионға жуық ағаш отырғызылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат әкімдікке сілтеме жасап.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Жамбыл облысында 2021-2025 жылдары ормандарды молықтыру және молайту туралы» кешенді жоспары бойынша облыс аумағында 140,8 млн дана ағаш көшеті отырғызылады деп көзделген.

Аталған жоспар аясында 2021-2022 жылдары 35,1 млн.дана ағаш отырғызылды. Ал, 2023-2025 жылдары 105,5 млн ағаш отырғызылмақ. Оның 16 миллион 655 мың көшеті биыл егіледі. Көшеттердің арасында сексеуіл, қарағаш және тағы да басқалары бар.

Бұл туралы облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Данияр Башанов айтып берді.

«Бүгінгі күнге, 5670 га жерді дайындау жұмыстары толығымен аяқталған. Қазіргі уақытта 16651,0 мың дана сексеуіл және қарағаш көшеттерін тұқымбақтардан қазу жұмыстары жүргізілуде.Көктемгі орман отырғызу жұмыстарына қажетті көшет материалдарын, мекемелердің тұқымбақтарында өсірілген көшеттермен толық қамтамасыз етіледі және барлық көшет материалдардың карантиндік сертификаттары алынған»,-деді Данияр Башанов.


Соңғы жаңалықтар