Жамбыл облысында бір тәулікте бірнеше өрт тіркелді

None
Фото: Жамбыл облысы ТЖД баспасөз қызметі
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысында бірнеше күннен бері ұйытқып соққан жел тұрғындарға біраз қолайсыздықтар тудырды. Осыған орай облыста өрт оқиғалары да жиіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің қоғаммен байланыс тобы берген мәліметтерге сүйенсек, 31 мамыр күні сағат 11.06-да Шу ауданы Далақайнар ауылындағы төрт көршілес тұрғын үйлердің қоралары және шөпханасы отқа оранған. Оқиға орнына Шу ауданы №19 және Шу қаласы №5 өрт сөндіру бөлімдерінен барлығы 5 адамнан құралған жеке құрам мен 2 өрт сөндіру автокөлігі барады. Өрт сөндірушілер қызыл жалынды 1 сағат 45 минутта толық сөндірген. Өрттің жалпы ауданы 120 шаршы метрді құраған. Өрт кезінде үш бас мал және бір үйдің қорасы мен шөпханасы түгелдей өртеніп кеткен.


Сонымен қатар, сағат 16.35-те Т.Рысқұлов ауданы Ақыртөбе ауылындағы тұрғын үйдің ауласында шөп қораны өрт шалған. Жалынды ауыздықтауға 5 өрт сөндіруші-құтқарушы мен 2 өрт сөндіру техникасы жұмылдырылып, тілсіз жау 2 сағаттан астам уақытта толығымен сөндірілген. 100 шаршы метр аумақты қамтыған өрттің салдарынан шөпхана мен ондағы 150 түк шөп жанып кеткен.

Келесі өрт оқиғасы сағат 17.51-де Жамбыл ауданы Аса ауылындағы тұрғын үйдің ауласынан шыққан. Мұнда да шөпке өрт тиген. 80 шаршы метр аумақты шарпыған қызыл жалынды 2 өрт сөндіру автокөлігі мен 6 адамнан құралған жеке құрам 1 сағаттан астам уақытта сөндірген. Өрт салдарынан 250 түк немесе 5тонна шөп жойылған.


Сондай-ақ, 1 маусым күні сағат 02.58-де Тараз қаласының Көктерек көшесіндегі тұрғын үйдің ауласындағы монша отқа оранған. Өрт шарпыған аудан көлемі – 30 шаршы метр. Оқиға орнына Тараз қаласы №3 өрт сөндіру бөлімінен 2 өрт сөндіру автокөлігі мен 6 ТЖ қызметкері өртті 23 минутта ауыздықтаған.

Сондай-ақ, дәл осы күні сағат 03.51-де Меркі ауданы Аспара ауылының жанында, Алматы-Ташкент тасжолының 280 шақырымында халық тұтынатын тауарлар тиелген жүк автокөлігінің тіркемесі өртке оранған. Өрт сөндірушілер өртті 1 сағаттан астам уақытта жойған.

Бұған дейін Жамбыл облысында демалыс аймағы өртеніп жатқанын хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар