Жамбыл облысында Билер кеңесі құрылды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысының Жуалы ауданында белсенділер тобы Билер кеңесін құруды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аудан әкімдігі өкілдерінің хабарлауынша, Билер кеңесін құру жөніндегі мәжіліске аудандық сот төрағасы Б.Мүлкібаев, Жуалы ауданы әкімінің орынбасары Е.Жаңабаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Е.Амамбеков қатысты. Сонымен қатар басқосуға кеңес өкілдері, медиаторлар, аудан ақсақалдары мен БАҚ өкілдері қатысты.

Жиынға қатысушылар Билер кеңесін құрып, оның мүшелерін сайлады.

«Билер кеңесін құрудағы мақсат - тұрғындар арасында пайда болған даулардың сотқа дейін шешілуіне ықпал ету. Кеңестің беделді мүшелері халық арасында туындаған жанжалдарды, талас-тартыстарды көне дәстүр негізінде шешуге ықпал етпек. Бұл Елбасының жақында ғана жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» атты еңбегінде көтерілген мәселелермен үндес келеді. Аталмыш еңбекте кезінде халқымызды небір қиын-қыстау кезеңдерден алып шығып, осы кезде ұмытылуға шақ қалған көне дәстүрлерді жаңғырту қажеттігі айтылады»,-деді Е.Амамбеков.

Аудандық сот төрағасы Б.Мүлкібаевтың сөзінше, Билер кеңесін қалыптастырып оны дамыту идеясы көшпенді халықтың көне дәстүрінің жалғасы болмақ.

Билер кеңесі көшпенді қазақ халқының қоғамында маңызды мәселелерді шешетін органдардың бірі болған. Билер ол уақытта жекелеген мәселелер бойынша тиісті шешім қабылдап қана қоймай, бір мезгілде сот, прокуратура және адвокаттың қызметін атқарып, әділдіктің үстемдік құруына ұйтқы болған. Билердің шешімінің әділдігіне ешкім күмән келтірмеген және оған қатысты тиісті үкім сол сәтте орындалатын болған. Сондықтан да халық қандай да бір заңсыз әрекетке барудан қаймыққан. Өйткені ақсақалдар оған қатысты қандай да бір қатаң шешім шығаратын болса сол сәтте жүзеге асады»,-деді Б.Мүлкібаев.

Жуалы аудандық сотының баспасөз қызметінің хабарлауынша, мәжіліс қорытындысы бойынша, ақсақалдарға аузы «дуалы» деген азаматтардан ауылдарда билер кеңесін құру ұсынылды.

Осыған дейін Тараз қаласының өзінің "Жасыл белдеуі" болатындығы туралы хабарлағанбыз.

Соңғы жаңалықтар