Жамбыл облысында бей-берекет қалдықтар ғарыштық жүйе арқылы анықталуда

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облыстық экология департаменті бей-берекет орналасқан қалдықтарды анықтауды ғарыштық бақылау арқылы жүзеге асыруда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық Экология департаментінің басшысы Марат Құрманбаев мәлім еткендей, ғарыштық бақылаудың нәтижелері бойынша анықталған заңсыз қоқыс алаңдарын жою жөнінде жергілікті атқарушы органдарға нұсқамалар беріліп отырады.

Спикердің сөзінше, департамент зертханасы былтыр ластаушы көздерден 722 сынама алынып, 2455 химиялық талдаулар жасалған. Оның ішінде ауа атмосферасынан 648, су ресурстарының ластануын бақылау бағытында 68, жердің ластануы бойынша 6 сынама алынды.

Сондай-ақ, өткен жылы табиғат пайдаланушылары қоршаған ортаны қорғау іс-шараларына 808,7 млн теңге бағыттап, оның 559,5 млн теңгесі игерілген.

Облыс ауа атмосферасына қалдық шығаруға 125 мың тонна лимит берілсе, қалдықтардың тек 74 мың тоннасы ғана ауаға көтерілген. Сол секілді жерге төгінділер төгу лимиті 24 мың тонна болғанымен, төгілгені 16 мың тоннаны құраған.

Сондай-ақ былтыр қалдықтарды орналастыру, яғни жер астына көму лимиті 45 млн тонна болса, жалпы көмілгені 13 млн тоннадан аспаған.


Соңғы жаңалықтар