Жамбыл облысында бес жылда 140 млн түп көшет отырғызылады

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында орман екпелерін арттыруға баса көңіл бөлінуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінгі таңда Жамбыл облысындағы мемлекеттік орман қорының жалпы көлемі 4,4 млн гектарды құраса, оның орман ағаштары көмкерген жері - 2,4 млн гектар.

Бұл дегеніміз орман қоры облыс жер аумағының 30,8 пайызын, ал орманды жерлер 15,47 пайызын алып жатыр деген сөз.

Ал осынау аумақты қору, күзету жұмысын орман шаруашылығы мекемелерінде барлығы 931 қызметкерлер атқаруда екен.

Әсіресе, бұл сала мамандарыорманды молықтыру жұмыстарына баса мән беріп келеді.

Өткен жылы орман екпелері 3054 гектарға отырғызылып, 2750 гектарға сексеуілді тұқымынан себу жұмыстары жүргізілген.

Жамбыл облысы әкімдігі табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды қорғау бөлімінің басшысы Данияр Башанов өткен жылдың күз айында тұқымбақтар көлемінің артқанын тілге тиек етті.

«Өткен жылы мекемелерде жоспар бойынша 49 гектарға қарағаш, жүзген, сексеуіл көшеттерінен тұқымбақ жасалып, онда қарағаш, сексеуіл көшеті өсірілді. Жоспарға сәйкес жалпы аумағы 4,4 гектарды құрайтын тұқымбаққа 25 000 әртүрлі қылқан жапырақты ағаш отырғызылды. Күз айында сексеуіл тұқымбағы 44 гектарға артып, барлық тұқымбақ көлемі 93 гектарды құрады»,-дейді бөлім басшысы.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өткен жылғы Жолдауында дәл осы орманды молықтыру, яғни орман екпесін молайту тапсырмасы аясында басқарма тарапынан арнайы жоспар да құрылыпты.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, республика бойынша отырғызылатын 2 млрд ағаштың 140 млн түбі Жамбыл облысының орман қорына егіледі. Осы мақсатта Жамбыл облысы бойынша кешенді жоспар әзірленіп, орман және аң шаруашылығы комитетімен келісілді. Аталған жоспарға сәйкес 79,4 мың гектар орман қоры жері дайындалады», - дейді маман.

Бұдан өзге, республика бойынша елді мекен ішінде және оның айналасына егілетін 15 млн түп ағаштың облысқа тиесілі 970 мың түп ағашты отырғызудың бес жылдық жоспары да бекітілген.

Алдағы уақытта жоспарға сәйкес, аудан және қала әкімдіктерімен бірлескен жұмыс жүргізіледі.

Соңғы жаңалықтар