Жамбыл облысында бес мектеп пайдалануға берілді

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Бүгін Жамбыл облысының Жамбыл ауданы Бірлесу-Еңбек ауылындағы 140 орындық орта мектеп пайдалануға берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Білім күніне орай ашылған Бірлесу-Еңбек орта мектебі демографиялық өсімге байланысты орын тапшылығын жою мақсатында жаңадан бой көтерген. Жаңа білім мекемесінде балалардың сапалы білім алуларына барлық жағдай жасалған. Мектепте 18 оқу қабинеті, спорт залы, мәжіліс залы, асхана, 2 компьютерлік сынып, робототехника және жаңа модификациялық кабинеттер бар.

Биыл мектепте барлығы 250 оқушы екі ауысымда оқымақ. Онда 39 педагог қызмет етсе, оның 12,5 пайызы – жас мамандар.

«Жамбылдықтар жаңа оқу жылын жаңа леппен бастамақ. Өңірде жыл сайын жаңа мектеп пен балабақшалар құрылысы қарқын алып келеді. Бұл бүгінгі ұрпақтың білім нәрімен сусындап, өмірден өз орнын таба білетін білімді, сауатты маман болып шығуы үшін жасалған қадам. Облыста 2019-2020 оқу жылында 5 мектеп пайдалануға берілді. Оның біреуі үш ауысымды, біреуі апатты жағдайдағы және үшеуі орын тапшылығы бар мектептің мәселесін шешіп отыр. Атап айтқанда, Т.Рысқұлов ауданы Жалпақсаз ауылындағы 48 орындық, Байзақ ауданы Ақшолақ станциясындағы 120 орындық, Шу қаласы Тоғай алқабындағы 300 орындық, Жамбыл ауданы Бірлесу-Еңбек ауылындағы 140 орындық, Меркі ауданы Қазақ-Дихан ауылындағы 120 орындық орта және бастауыш мектептері жаңа оқу жылын жаңа ғимаратта бастағалы отыр», - деді өңір басшысы Асқар Мырзахметов құттықтау сөзінде.

Қазіргі кезде өңірдегі үш ауысымды мектердің мәселесі толығымен шешілген. Бұл туралы облыстық Білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмағанбетова айтып берді.

«Жыл соңына дейін тағы 4 нысан пайдалануға беріледі. Қалған апатты және орын тапшылығы бар мектептердің құрылысын жүргізуге облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, мәселесі кезең-кезеңімен шешілетін болады. Биыл облыстың білім жүйесін қаржыландыруға 130 миллиард теңге бөлінсе, бұл өткен жылмен салыстырғанда 22,2 миллиард теңгеге артық. Оның 5,1 миллиард теңгесі білім беру нысандарының құрылысы мен күрделі жөндеуге қарастырылған. Бүгінде 15 білім нысанының құрылысы жүргізілуде», -деді Р.Тұрмағанбетова.


Соңғы жаңалықтар